ТШО еріктілері гуманитарлық көмекті қалай жинады?

Теңіз кен орнының маңындағы вахталық қалашықтарға Құлсары қаласынан алғашқы эвакуацияланған тұрғындар келді. Олардың көпшілігі — әйелдер, қарттар мен балалар. Тұрғындар келген бойда Теңізшевройл (ТШО) қызметкерлері дереу еріктілер тобын құрып, гуманитарлық көмек жинау жұмыстарын бастап кетті. 6 сәуір күні сағат 10.00-де компанияның бас кеңсесі Жылыой ауданының тұрғындарына гуманитарлық көмек жинап жатқанын компания қызметкерлері де, мердігерлер де білді. Олар өздерінің ресми пошталары арқылы гуманитарлық көмек туралы хат алды.

Алғашқы күні-ақ ТШО қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккен Жылыой тұрғындарына 2,5 тонна гуманитарлық көмек жинады.

Бас кеңсенің мәжіліс залы мүлдем өзгеріп кетті, әріптестеріміз минут сайын ең қажетті заттарды әкелді: гигиеналық құралдардан бастап ойыншықтарға дейін. Маған көптеген адамдар заттарды сатып алмас бұрын, ненің жетіспейтінін сұрағаны ұнады және осылайша олар ең жетіспейтін нәрсені ғана сатып алды. Теңіздегі вахталық қалашықтардың әкімшілері тұрғындар арасында қандай көмек қажет екендігі жөнінде сауалнама жүргізіп, тізімдерді біріктіріп, бізге дереу хабарлап отырды. Мен басқа еріктілермен бірге жұмысты үйлестіруге, заттарды сұрыптауға және жинауға көмектестім. Осындай қиын жағдайға тап болған жерлестерімізге қандай да болсын өз қолдауымды көрсеткім келді. Мен заттарды, әсіресе ең кішкентай балаларға берілген заттарды сұрыптап жатқанда, ішімде өсіп келе жатқан алаңдаушылық сезімін аздап баса алдым. Мен үшін бұл уайым мен мұңды ойлардан құтылудың бір түрі болды. Қолдарынан келгенше көмектесіп, қолдау білдірген әріптестерімізге алғысым шексіз, — дейді ТШО қызметкері Әлия Ақыш.

Әлияның айтуынша, қызықты сәттер де болған: бірде еріктілер қораптарды сұрыптап жатқанда, жәшіктердің біріне еріктілердің жеке заттары және пальто мен күрте салынып кеткен. Тиісті қорапты табу оңай болды, өйткені ТШО еріктілері тарату кезінде ыңғайлы болу үшін әр қорапты мұқият таңбалайды.

Игі іске ТШО қызметкерлерінің отбасылары да қосылды. Мысалы, ТШО бас директорының жұбайы Кимья Лайон еріктілерге заттарды жеткізуге және сұрыптауға көмектесті. «Достық» кентінің тағы бір тұрғыны Теңізде эвакуацияланған Құлсары қаласының тұрғындарын қуанту үшін тәттілерден бонбоньер жасады. Оның айтуынша, мұндай кезде мұқтаж жандарға әркім өз үлесін қосуы керек.

Қиындыққа тап болған Жылыой ауданының тұрғындарына көмектесеміз. Қазіргі уақытта ТШО еріктілері барлық көмекті үйлестіріп, жылыойлықтармен бірге екендіктерін көрсетуде. Табиғат апатынан зардап шеккен Кең Жылыой қайта қалпына келіп, көркейетініне сенімдімін. Осынау қиын-қыстау кезеңде бәріміз көмек қолын созып, бірлігімізді нығайтайық. Құлсары – мықты бол, — дейді «Атырау достары» қоғамдастығының еріктісі Кимья Лайон.

Төрт күн ішінде ТШО мен мердігерлер ұйымдардың қызметкерлері 4,5 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Гуманитарлық көмекті қабылдаған еріктілер компания қызметкерлерінің қаншалықты жомарт екеніне таң қалды: біреу көп балалы аналарға арналған импорттық өнімдерге толы пакет жинаса, ал біреу бүкіл отбасы үшін гигиеналық заттар қорабын жинады. Қызықты сәттер де болды: біреу күміс сақинасын әкелсе, енді бірі түрік тілінде кітап әкелді.

Әрине, бәріміз жұмыста болдық. Бірақ бір қолымызбен жұмыс істеп, екінші қолымызбен гуманитарлық көмекті сұрыптадық. Өйткені күтуге уақыт болмады. Бізді қиын жағдайда қалған тұрғындар күтіп отырды. Менің ойымша, осындай қиын уақытта мұқтаждарға тез көмектесу  үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігуіміздің шабыттандыратын жарқын мысалы болды деп ойлаймын. Әрқайсымыз осы жақсылық тізбегінің бір бөлігі болдық, — дейді ТШО қызметкері Бақытгүл Күшекова.

Қажетті тауарлардың күнделікті жаңартылған тізімі ТШО-ның ішкі сайтында жарияланды. Осылайша, ТШО еріктілері мен мердігер компания қызметкерлері күн сайын Теңізге ұшақпен 20 қорап жіберді. Кейінірек пойыздан да орын табылды. Құлсары мен Теңізге пойызбен 190 қораптан астам киім-кешек пен жүк жөнелтілгенде еріктілердің қуанышында  шек болмады. Қызметкерлер тіпті таңғы 6-дағы пойызға үлгеру үшін, таңғы сағат 3-те қораптарды тиеп бастады.

Осылайша, ТШО мен мердігер компания қызметкерлері шынайы ынтымақ пен табандылық рухын көрсетті. Өйткені олар тұрғындарға гуманитарлық көмек жөнелту тек ізгілік қана емес, қиналған жандар алдындағы жауапкершіліктің көрінісі екеніне сенімді.

Ал, бұған дейін «Теңізшевройлдың» ресми өкілі су басқан Құлсары тұрғындарына көмек көрсету үшін компания 2 миллиард теңге бөлетінін хабарлаған болатын. ТШО мердігер компаниялармен бірлесе отырып, бөгет салуға және су тартуға көмектесу үшін Теңізден Құлсарыға арнайы техника, азық-түлік және жанар-жағармай тасымалдады. Компания отбасына қамқор болу үшін үйлеріне қайтып оралуы қажет ТШО-ның барлық қызметкерлеріне олардың әл-ауқатына айтарлықтай зиян келтірместен қайтуына жағдай жасады. Ал қазіргі уақытта ТШО Атырау қаласының маңында Сарыөзек арнасының (Қара өзек) бойында бөгет салуға ден қойған. Атырау облысы әкімдігінің жедел штабының мәліметі бойынша, бұл — Атырау қаласын су тасқынынан қорғау мақсатындағы негізгі шаралардың бірі болып табылады.