Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Азия ойындарының жеңімпаздарын құттықтады

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Азия ойындарына қатысып жатқан дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының спортшыларымен кездесті.

Министр құрама қоржынына күміс медаль салған Абиба Абужақынованы құттықтады. Финалда Абиба үш дүркін әлем чемпионы – жапондық Нацуми Цунодамен кездескен болатын. Енді қазақстандық спортшы Париж Олимпиадасына дайындалуға ниетті.

Абиба Абужақынованы Азиаданың күміс медалімен құттықтағаннан соң Ермек Маржықпаев Мағжан Шамшадинмен кездесті, ол 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болды.

Спортшы алтын медальға сенгендігін айтты.

«Мағжан мен Абиба өздеріне қаншалықты қатал болса да, қазақстандықтар оларды мақтан тұтатыны сөзсіз. Бүкіл ел бір мезетте оларға қолдау көрсетіп, ойындарын жіті бақылап отырды және бүкіл ел олардың нәтижесіне дән риза», – деді ҚР Туризм және спорт министрі.

Қола үшін күрескен Ғалия Тынбаева Азиаданың алдында ғана 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне өткен. Ермек Маржықпаев оған алдағы турнирлерге дайындықты күшейтіп жеңіс тұғырына көтерілу керектігін, алда ең үлкен жеңістер бар екенін айтты.

зия ойынарының бірінші күні біздің дзюдошылар құрама қоржынына екі медаль алып келді. Абиба Абужақынова 48 келіге дейінгі салмақта күміс, ал Мағжан Шамшадин 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болды.

Спортшылармен қоштасар алдында министр Мағжан мен Абибаға Париждегі Олимпиадаға сәттілік тіледі.

«Мұндай шеберлер төрт жылдықтың басты ойынында қазақстандықтарды қуантатыны анық. Бүгін өнер көрсеткен спортшыларға табандылығы мен батылдығы үшін тағы да алғыс айтқым келеді. Қазақстан құрамасы жанкүйерлерді жарқын жеңістермен қуантады деп сенемін», — деді Ермек Маржықпаев.