Туризм және спорт министрлігінің Кубогын Ақтөбе қаласы қабылдайды  

Биылғы спорт саласындағы оқу орындары арасындағы ҚР Туризм және спорт министрлігі Кубогының жүлдегерлері алғаш рет еліміздің батыс өңірінде – Ақтөбе қаласында анықталады, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Дәстүрге айналған кешенді жарыс 13-19 сәуір аралығында бокс, таеквондо, еркін және грек-рим күресі, дзюдодан өтеді. Осыған дейінгі кешенді жарыс Астана мен Талдықорған қаласында ұйымдастырылып, екеуінде Астана қаласының Қ.Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі жеңімпаз атанған.

Оқу орындары әдеттегідей осы жолы 4 топқа бөлінеді (A, B, C және D). Әр топтағы командалар айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен кездеседі. Топта 1-орын алған команда жартылай финалға өтеді, онда А тобының жеңімпаз командасы С тобының үздігімен, ал В тобының жеңімпазы D тобында топ жарған командамен сынға түседі. Командалық орындардың қорытындысы айтылған 5 дисциплина бойынша жеңіп алған медальдар сапасы бойынша анықталады.

Алдын ала өтініштер 10 сәуірге дейін (a.nurmukhanbetov@msm.gov.kz электронды поштасында) қабылданады.

Бәсекенің бас төрешісі – ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің спорт резерві басқармасының басшысы Аманбай Нұрмұханбетов. Жарыс хатшысы – ТСМ Спортты дамыту дирекциясы бұқаралық жарыстарды өткізу бөлімінің маманы Асқар Қадыров.