Yandex Qazaqstan жасанды интеллекті ұрықтан омыртқа жотасының сирек патологиясын жүктілік кезінде ерте анықтауға көмектеседі

Yandex Qazaqstan жүктіліктің ерте кезеңінде ұрықтағы ықтимал омыртқа жотасының сирек патологиясының белгілерін анықтауға арналған пилоттық жобаны іске қосады. Жоба аясында Yandex Cloud технологиялары негізінде құрылған, УДЗ кескіндерін талдайтын ЖИ жүйесі қолданылады. Пилоттық жоба алдымен Қарағанды облысында жүзеге асырылады.
Yandex Qazaqstan және Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы омыртқа мен жұлын дамуының туа бітті ақауы – spina bifida белгілерін ерте анықтауға бағытталған бірлескен пилоттық жобаның іске қосылғаны туралы хабарлайды. УДЗ кескіндерін талдауға арналған ЖИ жүйесі Yandex Cloud технологиялары мен Қоғамға арналған технологиялар орталығының сараптамалары негізінде құрылған. Бастама Қарағанды облысының әкімдігі тарапынан қолдау тауып, 20 ақпанда өңір мен Yandex Qazaqstan арасында ынтымақтастық туралы меморандум түзілді. Құжатқа Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Тәуірбеков Ораз Қайсайұлы және Yandex Cloud-тың Қазақстандағы және Орталық Азиядағы бас директоры Арыстанбек Жолдасбеков қол қойды.
Spina bifida – ұрықта омыртқа мен жұлын дұрыс қалыптаспайтын туа бітті дерт. Ең ауыр жағдайларда ол сал ауруына және ішкі ағзалар қызметінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Белгілері неғұрлым ерте анықталса, сәтті операция жасау мүмкіндігі соғұрлым жоғары, операция жүктіліктің 26-аптасына дейін жатырішілік кезеңде де жүргізілуі мүмкін. Сонымен қатар бұл патология сирек кездеседі, шамамен әр мың нәрестенің бірінде байқалады, сондықтан көптеген дәрігер өз тәжірибесінде мұндай жағдаймен кездеспеген.
«Yandex Qazaqstan жанындағы Қоғамға арналған технологиялар орталығы барша қазақстандықтар үшін экологиялық сын-қатерлер, мәдени мұраны сақтау сияқты өзекті мәселелермен айналысады. Енді медицина саласындағы жобалар да назарға алынып отыр. Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасымен бірлескен пилоттық жобаның нәтижесі осы жоба аясында ғана емес, медицинада бұлттық технологияларды қолдану бойынша кейінгі бастамалар үшін де маңызды», – дейді Yandex Cloud-тың Қазақстан және Орталық Азия бойынша бас директоры Арыстанбек Жолдасбеков.
Аурудың белгілерін анықтауға ЖИ қолдану идеясы spina bifida диагнозы бар балалар мен ересектерге жүйелі түрде көмек көрсететін «Спина бифида» қорында туындады. Қор жүктіліктің ерте кезеңінде диагноз қоюға көмектеседі, сондай-ақ, осы диагнозы бар адамдардың белсенді әрі толыққанды өмір сүруі үшін түрлі отбасылар мен балалар үйлеріне қолдау көрсетеді. Жобаға академик В. И. Кулаков атындағы Ұлттық медициналық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми-зерттеу орталығының сарапшылары маңызды үлес қосуда. Бұл – пренаталдық диагностика саласындағы жетекші ғылыми-клиникалық орталықтардың бірі және мұнда ең ірі деректер қоры жинақталған. Технология бұған дейін аталған орталықта, сондай-ақ, Мәскеу, Санкт-Петербург және Екатеринбург қалаларындағы бірнеше клиникада сынақтан өткен.
Компьютерлік көру технологиясын қолдану УДЗ кескіндеріндегі патология белгілерін ерте кезеңде анықтау дәлдігін арттырады. Нейрожелінің сәтті жұмыс істеуінде деректердің сапасы шешуші рөл атқарады. Деректерді сақтау және өңдеу, сондай-ақ, нейрожеліні оқыту үшін Yandex Cloud бұлттық технологиялары пайдаланылады. Олар модельдерді оқыту мен жұмыс істеуіне қажет кез келген көлемдегі деректермен және жоғары ML-жүктемелермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
«Yandex Cloud технологиялары көптеген әлеуметтік маңызы бар жобаларда қолданылады, ал spina bifida белгілерін ерте анықтау – біз көмектесе алатын тағы бір маңызды міндет. Нейрожелі дәрігерге шешім қабылдауда қолдау көрсететін ассистентке айналады. Қорытынды бағалау мен ары қарайғы шешім қабылдау үшін дәрігердің біліктілігі аса маңызды, ал бұлттық және ЖИ технологиялары адам көзі байқамай қалуы мүмкін ұсақ бөлшектерді тануға мүмкіндік береді», – дейді Yandex Qazaqstan жанындағы Қоғамға арналған технологиялар орталығының жетекшісі Анна Лемякина.
«Технология сәтті сынақтан өткендіктен, жақын уақытта бұл құрал қазақстандық дәрігерлерге де қолжетімді болады деп сенеміз», – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Тәуірбеков Ораз Қайсайұлы.
Пилоттық жоба Қарағанды облысында іске қосылады, ал болашақта оның нәтижесі бүкіл Қазақстан бойынша пайдаланылуы мүмкін.



