Заңгер – қоғам дамуының тірегі

Құқық – мемлекеттің тірегі, қоғамның реттеушісі. Әділет пен заң үстемдігі сақталған жерде өркендеу, тұрақтылық және сенім бар. Сондықтан заң саласындағы маман даярлау-стратегиялық маңызы жоғары миссия. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультеті осы жауапкершілікті терең сезіне отырып, еліміздің құқықтық жүйесіне кәсіби, білімді, бәсекеге қабілетті кадрларды даярлап келеді.

Факультеттен түлеп ұшқан түлектер бүгінде мемлекеттік органдарда, сот жүйесінде, прокуратура мен әділет органдарында, сондай-ақ халықаралық компанияларда, жеке адвокатура мен бизнес секторында табысты еңбек етуде. Факультетте құқық саласының барлық негізгі бағыттары қамтылған: конституциялық және әкімшілік құқық, азаматтық және қылмыстық құқық, халықаралық құқық, еңбек, экологиялық және қаржылық құқық, медиация мен адвокатура институттары. Білім беру бағдарламалары заманауи талаптарға сәйкес жаңартылып, практикалық дағдыларды қалыптастыруға басымдық беріледі.

Сабақтарды тәжірибесі мол профессор-оқытушылар құрамы жүргізеді. Практик-судьялар, заңгер-консультанттар, адвокаттар қатысатын шеберлік сағаттары студенттер үшін ерекше мүмкіндік береді. Бұл – теорияны өмірмен байланыстырып, нақты істерді талдау арқылы кәсіби ойлау қалыптастыратын тиімді формат.

Заң факультетінің түлегі – әмбебап маман. Ол тек заң нормаларын меңгерген тұлға емес, логикалық ойлайтын, шешім қабылдай алатын, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін кәсіби кадр. Бұдан бөлек, құқық магистратурасы мен PhD бағдарламалары түлектерге ғылыми зерттеу, халықаралық құқықтық алаңға шығу, шетелдік тағылымдамаларға қатысу мүмкіндігін ұсынады.Оқу ордамыз тек білім беріп қана қоймай, студенттің тұлғалық дамуына жағдай жасайды. Көптеген студенттік ұйымдар, пікірталас клубтары, құқықтық клиникалар жұмыс істейді. Жыл бойы құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған семинарлар, сот процестерін модельдеу, олимпиадалар, дебат турнирлері, кәсіби тағылымдамалар ұйымдастырылады. Құқықтық клиника базасында студенттер халыққа тегін консультация беріп, нақты заңдық мәселелермен жұмыс істейді. Факультет әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнатып, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамытқан. Студенттер шетелде бір семестр оқу, тағылымдамадан өту, халықаралық құқықтық форумдарға қатысу мүмкіндігіне ие.

Қазіргі таңда елімізге  бәсекеге қабілетті, әділдікті ту еткен, жауапкершілігі жоғары заңгерлер қажет. Экономика дамуы, бизнес, цифрлық трансформация, әлеуметтік саясат, адам құқықтары – барлығы құқықтық реттеуді талап етеді. Яғни білім ордамыздың түлектері елдің стратегиялық болашағына тікелей ықпал ететін мамандар. Заң факультеті – тек маман даярлайтын орын емес, әділетті қоғамды қалыптастыратын зияткер орталық. Мұнда тәрбиеленген түлектер заң үстемдігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын қорғауға, мемлекет дамуына үлес қосады. Кең мүмкіндіктерге жол ашатын кәсіби орта, мықты білім бағдарламасы, халықаралық тәжірибе – осының бәрі Заң факультетінің беделін арттырып, түлектерінің болашағына сенім ұялатады.

Баймаханова Д.М.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,

конституциялық және әкімшілік құқық

кафедрасының доценті,  заң ғылымдарының докторы

 Лучкин Кристиан Сергеевич,  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң

факультетінің 1 курс магистранты