Зауыттың спортшы жігіті

Гір көтеру спортынан Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, төрт мәрте әлем біріншілігінің жүлдегері атанған ақтөбелік Айбек Қуандық –  ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек етеді. Аталған спорт түрінен бөлек, биыл ол жеңіл атлетикаға кәсіби түрде ауысып, жүгіру марафондарына қатысып жүр. Спортшы жігіттің ендігі жоспары –  келесі жылы Қазақстандағы №1 желаяқ атану.

Спорттың қай түрін алмайық, бәрінің мақсаты – саламатты өмір салтын ұстану, топ ішінен жарып шығып, жеңімпаз атану. Әйтсе де қарсыластарынан оза шауып, үздік нәтиже көрсету – кез-келген спортшыға бұйыра бермейтін бақ. Ол үшін үздіксіз дайындық, қажырлы еңбек керек. Кейіпкеріміз спортқа деген сүйіспеншілігінің арқасында 2014 жылдан бері талай белестерді бағындырып келеді. Оның спорттың осы түріне ден қойып, шындап айналысқанына 12 жыл болыпты.

Айбектің  жетістігі – 2015 жылы Ирландия мемлекетінің Дублин қаласында өткен  әлем чемпионатындағы гір көтеру спортының классикалық түрінен орнатқан рекорды. Рекордтың бұл түрі серпу мен жұлқа көтеруден тұрады. Айбек 24 келілік 2 гір тасын 125 мәрте серпе және 147 рет жұлқа көтерген еді. Содан бері біраз уақыт өте 32 келілік гір тасын көтеріп, Қостанайда өткен біріншілікте Спорт шеберіне кандидат атағын да алды. Ол бұл үшін біраз тер төкті. Бір сөзбен айтқанда Айбектің қай жарысқа барса да қоржыны бос қайтпайды.

–  Бала кезден таэквандо, қазақша күреспен айналысатын едім. Ойын баласының әрнәрсеге қызығушылығы басылмайтын еді ғой, білсеңіз. Содан тоғызыншы сыныптан бастап гір көтеру спортына бет бұрдым. Мені бұған әкелген – Азамат Жалғасов деген бапкерім. Одан әрі кәсіби спортшы ретінде жарыстарға дайындаған Мұрат Қазиев деген ағайым. Оларға менің алғысым шексіз, — дейді зауыттағы спортшы.

Спортта бағы жанып, жеңіс төрінен көрініп келе жатқан Айбектің негізгі мамандығы – электр монтері. Дәл осы мамандықтың оқуын оқып, Ақтөбе ферроқорытпа зауытына келеді. Бастапқыда №1 балқыту цехына электр монтер қызметіне тұрады. Біраз уақыт жұмыс істегесін әскер қатарына алынған. Оның «Айбын» Президенттік полкінде жауынгерлік міндетін өтеп жүріп те гір көтеруден өткен жарысқа қатысып, бөлімшесіне кубок сыйлағанын білдік. Әскерден оралған соң өз қызметіне қайта кіріседі. Қазіргі таңда бесінші санатты электр монтері.

 «Спортпен бірге нақты бір кәсіпті меңгеріп алған дұрыс. Осы мамандыққа өз қалауыммен түстім. Токсыз өмір жоқ. Жарты сағатқа жарық өшсе – қол байланып, жұмысың түгел тұрып қалады. Күнделікті өмірде электр токтарын жөндеу керек болса, өзім жөндеп алып жүре беремін. Өндірістегі қызметтен бөлек, электр энергетикасы бойынша жеке кәсібімді де жүргізіп отырмын. Ал өндіріспен бірге спортты тең ұстау – денсаулығымызға да  пайдалы. Зауытта біз тек тоқ сымдарымен ғана емес, трансформатор секілді үлкен жабдықтармен жұмыс істейміз. Мұқият болу керек. Сол себепті әр істі бастарда асығыстық танытпай, ең алдымен оның қауіпсіз екендігіне көз жеткізіп барып әрекет етемін», — дейді ол.

Айбек кәсіпорында ERG Way өндірістік жүйесіне де белсенді қатысады. «Кайдзен команда», «Идеялар фабрикасы» сынды жобаларға өзінің идеяларын ұсынып тұрады.

Жұмыстан қолы босай қалса, спортқа көңіл бөліп, дайындықты жалғастырады. Қазіргі таңда жеңіл атлетика түрі – жүгіруді де қолға алып жүр. Жақында #AlmatyHalfMarathon-ға қатысып келді. Бұл жүгіру марафонына бірінші рет қатысып, 21,1 қашықтық, 1 сағат 23 минутта келіп, ERG қызметкерлері арасында үздік нәтиже көрсеткен еді. Бұрын Орал қаласында өткен Ақжайық марафонына қатысып, үшінші орынға ие болыпты. Ендігі кезекте маусым айында, өзінің туған күнінде өтетін Астана қаласындағы жартылай марафонға қатыспақ ниетте.

Спортты серік еткен электр монтерінің  осы саладағы кумирі – гір көтеру спортынан 12 мәрте әлем чемпионы, 30 мәрте Қазақстан чемпионы атанған қазақстандық спортшы Евгений Гончаров.

Таңғы сағат бесте тұрып, жаттығу жасап, салқын суға түсіп, жарты сағат кітап оқып, жұмысқа бару – Айбектің күн сайынғы әдеті.

«Не жасасаң да тиімді, сапалы жаса» дегенді алға тартатын Айбектің өмірлік ұстанымы – тиімділік. Бір ғана сөзбен ой салар жігіттің алға қойған жоспары – Қазақстандағы №1 желаяқ атану, үйлі болу.

Өндірісте Айбек секілді білімге құштар, жаңаны, жақсыны көрмекке ұмтылатын, саяхаттап, дүниетанымын кеңейткісі келетін, ең бастысы саламатты өмір салтын қолдайтын қызметкерлердің болуы көңіл қуантады.

Арайлым Ғани

Ұлан Сыдықовтың фотосуреті