Жантемір Баймұхамедовтің «Егеуқұйрық» атты қысқаметражды көркем фильмі жарыққа шықты

Қазақстанда Жантик деген атпен танымал еліміздегі ең атақты шоумендердің бірі, режиссер Жантемір Баймұхамедов су жаңа туынды «Егеуқұйрық» («Крыса») атты қысқаметражды көркем фильмінің тұсауын кесті. Жабық көрсетілімге отандық киноиндустрияның майталмандары мен БАҚ өкілдері шақырылды.

Танымал музыканттың бұл картинасы оның кино саласына алғашқы рет жұмысы емес. Оның «Шу-чу» атты дебюттік фильмі 2010 жылы Мексика кинофестивалінде жүлдеге ие болған. Араға уақыт тастап, Рашид Нугмановтың дәрістерінен кейін ол болған оқиға желісін негізге алып, жаңа қысқаметражды киносын түсірді.

«Мен бұл фильмнің идеясын көптен бері ойлап келдім. Мен бұл оқиғаны 4-сыныпта оқып жүрген кезімде естідім. Анам маған «Ленин ауысымы» газетінен оқып берген. Жалпы, бұл қызықты оқиға бір адамның егеуқұйрықпен достығы мен олардың қарым — қатынасы туралы«, — дейді картина режиссері Жантемір Баймұхамедов.

«Егеуқұйрық» фильмі ерекше достықтың таңғажайып оқиғасын баяндайды. Басты рөлді бостандықтағы өмірден өз орнын табуға тырысқан бұрынғы тұтқын-музыкант Сәкен Молдахметов тамаша орындап шықты.

«Жантик мені фильмге, басты рөлге шақырған кезде, мен қатты таң қалдым. Мен кәсіби актер емеспін. Мен ешқашан кинода ойнаған емеспін, маған қызықты болды. Жантикке ризамын. Актер болуға ұмтылмаған адам кенеттен Глазгода ең жақсы рөл үшін сыйлық алады. Бұл өте күшті сезім«, — дейді басты рөлді орындаушы Сәкен Молдахметов.

Жаңа картина көптеген елдердің кино сарапшыларының ең жоғары бағасына ие болды. Атап айтсақ, фильм әлемдегі ең көне қысқа метражды фестивальдердің бірі болып саналатын Мальтадағы 60-шы Халықаралық Golden Knight қысқаметражды фильмдер фестивалінде Гран-приді жеңіп алған. Ол жерде картина 60-тан астам елдің 320 қатысушысымен жүлде үшін жарысқа түсті.

Отандық туынды тағы бір танымал кинофорум Бразилиядағы Sao Paulo International Film Festival-нің үздік фильм үшін берілетін бас жүлдесін жеңіп алған. Ал Ресейде Халықаралық қысқаметражды «Киномышь» кинофестивалінде Гран-примен марапатталды.

Сонымен қатар туындыны Макаодағы Халықаралық қысқаметражды фильмдер фестивалінің қазылар алқасы да үздік көркем фильм деп атады. Шотландияның Глазго кинофестивалінде «Егеуқұйрық» жеңімпаздар үштігіне енсе, Еуропалық Future of Film Awards платформасы картинаны құрметпен атап өтті.

«Егеуқұйрық» қысқа метражды фильмін ілгерілетумен продюсер Диана Әшімова және А team компаниясы айналысады.