Жетісудағы туризмді дамыту әлеуеті басты назарда

«Инфрақұрылым мәселелерін шешіп, туризмнің дамуына серпін беру қажет», – деп есептейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова Жетісу өңіріне жұмыс сапарымен келіп, «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығында, «Көгер LTD» құс фабрикасында және Текелі қаласы маңындағы «Тау Жетісу» демалыс аймағында болды.

Сапар аясында депутат мәслихат депутаттарымен кездесіп, өңірдегі білім беру саласына қатысты бірқатар мәселені талқылады.

«Тау Жетісу» демалыс аймағы маңындағы тұрғындармен және жұмыс ұжымдарымен, сондай-ақ облыстық «Respublica» партиясы филиалының төрағасы Сайран Жасұланұлы және мәслихат депутаты Гүлназия Мұстаповамен кездескенде Екатерина Смолякова туристік аймаққа апаратын таулы жолдың жағдайын көтерді. Оның айтуынша, бұл жол күрделі жөндеуді қажет етеді.

Курортты аймақтың үстіңгі бөлігінде мәрмәр кеніші орналасқан. Осы кен орнынан күніне бірнеше рет ауыр жүк көліктері өтеді. Соның салдарынан жол беті толығымен ойықтарға айналған. Кәсіпорын қызметкерлері шұңқырларды мәрмәр тастың ұнтағы мен қиыршық таспен уақытша бітегенімен, бұл материал желмен көтеріліп, ауаны ластап жатыр. Мәрмәр шаңы – жергілікті тұрғындар мен туристер үшін денсаулыққа зиянды.

Өз кезегінде Гүлназия Мұстапова жолды күрделі жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік қолдау қажет екенін айтты. Жолдың ұзындығы шамамен 5 шақырым. Алайда мәселені шешудің балама жолы да бар. Бұрын бұл өңірде тек бір ғана кәсіпорын жұмыс істеп, өзіне тиесілі мәрмәр таситын көліктерге арнап арнайы қысқа жол салынған. Ол жол елді мекендерді айналып өтеді және зауытқа жақын орналасқан. Мамандардың айтуынша, жол КамАЗ секілді ауыр техникаға лайықталған және оны қалпына келтіру аса қиын емес. Бұл жолды пайдалану арқылы карьер мен өңдеу зауыты арасындағы арақашықтық 10 шақырымға қысқарады.

Бұл аумақтың туристік тартымдылығы – оның қалаға жақын орналасуында. Мұнда атпен серуендеуге, жайлы орналасуға барлық жағдай жасалған. Қыс мезгілінде шаңғы және шанамен сырғанау, сноуборд трассалары жұмыс істейді. Сондай-ақ, тауға көтерілетін арқан жол мен парапланмен ұшуға мүмкіндік бар. Мұнда жиі халықаралық деңгейдегі параплан жарыстары өткізіліп тұрады. Осы себепті Жетісу өлкесі әлемге танылып келеді.

Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының өкілі Екатерина Смолякова Қазақстанда туризмді дамыту маңызды стратегиялық бағыт екенін атап өтті.

«Біздің партиямыздың басым бағыттарының бірі – ішкі туризмді дамыту. Алматы және Жетісу облыстары – бұл бағытта негізгі аймақтар. Сондықтан Текелі маңындағы табиғаты көркем өңірді көрмей кете алмадым. Қазақстанда туризмді дамытуға барлық алғышарттар бар: табиғатымыз бай, әлеуетіміз зор. Ең бастысы – инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, дұрыс механизмдерді таңдап, туризмнің дамуына серпін беру. Мұнда, «Тау Жетісу» маңында экологиялық мәселелер де өзекті, әсіресе мәрмәр карьерінен түсетін жолдың жағдайы. Біз КамАЗ көліктері жолды қалай бүлдіріп жатқанын өз көзімізбен көрдік. Мәрмәр шаңы – жергілікті тұрғындар мен демалушылардың денсаулығына тікелей қауіп. Мұндай кедергілер – осы өңірде туризмді дамытуға тікелей тосқауыл», – деді депутат.