Жыл мезгілдеріне мерекелік саяхат

1 қазанда әлемдік қауымдастық Халықаралық музыка күнін атап өтеді. Қалыптасқан дәстүр бойынша бұл датаға орай «Астана Операның» К.Байсейітова атындағы Камералық залында жарқын концерттік бағдарлама ұсынылады. Себебі осынау жайлы сахна 2013 жылы дәл осы күні көрермендерге есігін айқара ашқан еді.

XIII театр маусымында Музыка күні солистер-аспапшы музыканттар мен «Астана Опера» Камералық оркестрі классиканы бағалайтын жандар үшін тыңдаушылар аудиториясы жақсы көретін «Жылдың он екі мезгілі» (А.Вивальди. А.Пьяццолла. Е.Подгайц) концертін дайындады. Бұл кеште елорда тұрғындары мен қонақтары уақытқа қызықты музыкалық саяхат жасайды, ол көрермендерді түрлі елдер мен дәуірлерге алып барады. Антонио Вивальдидің «Жыл мезгілдері» танымал топтамасында барокко дәуірінде өзінің туған Венециясында маусымдардың ауысуы жайлы баяндалады. Астор Пьяццолланың аргентиналық танго ырғақтары 1960-70 жылдардағы «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдерінің» қанық бояуларын жеткізеді, ал заманауи автор Ефрем Подгайцтың шығармасы «Мәскеудегі жыл мезгілдерін» сипаттап береді.

Елордалық театр сүйер қауымды бұл кеште жан толқытарлық музыкалық тосынсыйлар күтеді. Сонымен, бірінші скрипка әрі театр оркестрінің солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов алғаш рет Е.Подгайцтың «Мәскеудегі жыл мезгілдерін» орындайды. Сондай-ақ оның шебер интерпретациясында А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» шырқалады. Белгілі қазақстандық скрипкашының «бұл музыканы барлығы жақсы көреді» деген пікірімен келіспеу мүмкін емес.

Бірінші скрипкалар тобының концертмейстері Әнел Шәкірованың дебюті де өнер сүйер қауым үшін керемет тарту болмақ. Ол А.Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» топтамасында солист ретінде сахнаға шығады: – Мен бұл тебіреністі дебюттік өнер көрсетуге мұқият дайындалып жатырмын. Әлбетте, әріптестерімнің тәжірибесіне сүйенуге болар еді, алайда мен үшін өз пайымдауымды ұсыну, бірегей аргентиналық композитордың жауһарын өз интерпретациямда таныстыру маңызды. Бір театрда дәл сол музыканы басқаша түсіндіретін түрлі әртістердің бар болғаны өте қызықты деп ойлаймын, себебі әр скрипкашының қолы әртүрлі. Біз басқаша, өзге аппликатурамен ойнаймыз, туындыға өз ерекшелігімізді, өз эмоциямыз бен уайымымызды қосамыз. Осы ретте әрине, маған сенім артып, көрсетілген құрметі ретінде өз ноталарын берген оркестр солисі Бағдат Әбілхановқа көп рақмет айтамын. Менің ойымша, «Жыл мезгілдері» – бұл репертуарлық концерт, оны тыңдармандарымыз спектакльдерді жылы қабылдағандай жақсы көреді, сондықтан мен «Жыл мезгілдерінде» жеке партияларды орындаушылар  құрамына кіретініме қуаныштымын, – деп пікірімен бөлісті Әнел Шәкірова.

Барлық музыкант секілді, бірінші скрипкалар тобының концертмейстері Әнел Шәкірованың да кәсіби мерекеге деген көзқарасы ерекше.

– Біз салтанатты даталарды көбінесе жұмыста өткіземіз, алайда Музыка күніне арналған концерттер ерекше оқиға. Театрда көтеріңкі көңіл күй салтанат құрып, мерекенің лебі ауада қалықтайды, туған-туыс пен жақындар өздерінің ізгі лебіздері мен құттықтауларын жіберіп жатады. Бұл күні әлдебір жаңа санақ басталатындай көрінеді, бұл дата жаңа музыкалық жылдың бастауы тәрізді, – дейді Әнел. Музыка күні өз өмірін осы шығармашылық жолға арнаған барлық жанды біріктіреді. Аспапшы музыканттың пікірінше, мұндай ауызбіршілік пен бір мүдде аясында топтасу сезімі – өте маңызды. – Оркестр тобында өз досыңмен, серіктесіңмен бірге музыкалық аспапта ойнау кезінде оларды өзіңнің қолдайтыныңды және олар да саған қолдау көрсететінін білесің. Мұндай психологиялық жайлылықтан кәсіби тыныштық туындайды, – деп атап өтті әртіс.

Әнел Шәкірова – жарасымды музыкалық отбасының үшінші буынының айтулы өкілі екенін және өмірін музыкасыз елестетпейтінін атап өтуіміз керек. Абсолютті есту қабілетіне ие скрипкашы музыканы барлық адамның нотамен тыңдай алмайтынын  біразға дейін білмеген, тек жасөспірім шағында оның дүниеге көзқарасы өзгерген.

– Мен жастайымнан ата-анамның дайындықтарын тыңдап өстім. Олардың қалыптасқан ішекті аспаптар квартеті болатын. Онда әкем театрдың виолончельдер тобының концертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулет Шәкіров виолончель партиясын, анам Гульнара Ахмедина екінші скрипка партиясын орындады. Бірінші скрипка Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері оркестр солисі Айсұлу Байкенова болды, ал альтте Сәуле Тұяқова ойнады. Бала кезімнен мен музыкамен өмір сүрдім, тіпті үйімізге қонақ келсе де дайындалатынмын. Бір қызығы, бізде ата-анамыздың ғана емес, тұтас отбасымыздың музыкалық білімі бар: анамның әпкесі – консерватория түлегі, әжем мен әкемнің әпкелері музыкалық мектепті, ал жолдасымның анасы музыкалық училищені тамамдаған, – деп әңгімеледі Әнел. – Қазір біз жолдасыммен (ол фортепиано мұғалімі) және концертмейстер Бекзат Ахмеровпен бірге үнемі үйде музыкалық аспапта ойнаймыз, сондай-ақ біз – камералық шығармашылық бойынша серіктестерміз. Кейде ол бір партияны үйренеді, ал мен оған көмектесе отырып, бір кездері ойнаған шығармаларды еске түсіріп немесе парақтан жаңа дүниелерді оқып рақаттанамын. Осының барлығы менімен бірге өмір бойы жалғасып келеді және мен басқаша қалай болатынын білмеймін…

Концерттің басталуы 19.00-де.