19 жыл бойы Қазақстанның ұлттық құрамасымен бірге келе жатқан дәрігер

Амангүл Сарыбаева Ханчжоудағы Азиадаға келген медициналық штабта қызмет етеді. Спорттық медицина және оңалту орталығының дәрігері 19 жыл бойы Қазақстанның ұлттық құрамасымен бірге олимпиада, азиада және әлем біріншілігі сынды маңызды жарыстарға барған. Биылғы құрлық біріншілігінде дзюдошыларды жарысқа дайындап жатыр.

Кез-келген сайыс алдында медицина мамандары спортшылардың бұлшық еттерін босатып, массаж жасайды. Ал жарысқа дейін жалпы денсаулығын бақылап, жарақат алған жағдайда тез қалпына келуі үшін көмек көрсетеді.

Медициналық штаб қызметкерлері бөліп-жаруға келмейтін ұлттық құрама мүшелері. Сондықтан да әр спортшы сайысқа түскенде ата-анасындай тақым қысып, жанкүйер болады.

«Кез-келген жеңістің артында спортшы, жаттықтырушымен қатар медициналық қызметкерлердің де еңбегі жатыр. Спортшының әкесі — жаттықтырушы болса, анасы — дәрігер. Әр спортшы еліміздің туын көтеріп, әнұран орындалған сайын кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді»,- деді Амангүл Сарыбаева.

Еске салсақ, Азиаданың алғашқы күнінде дзюдошыларымыз құрама қоржынына екі медаль салды. Абиба Абужақынова 48 келіге дейінгі салмақта күміс медаль жеңіп алса, Мағжан Шамшадин 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Азия ойындарына қатысып жатқан дзюдодан ұлттық құрама спортшыларымен кездесті. Министр Азия ойындарының жүлдегерлерін құттықтап, Париж Олимпиадасында сәтті өнер көрсетуді тіледі.