Қазақстанда ерлі-зайыптылардың нотариаттық келісімін бейнеқоңырау арқылы алуға болады

ҚР Әділет министрлігі, Республикалық нотариаттық палатасы және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп бейнеқоңырау арқылы «ерлі-зайыптылардың Нотариаттық келісімін Онлайн ресімдеу» қызметін енгізді. Осы жылдың 25 қыркүйегінен бастап көрсетілетін қызмет «eGov Mobile» платформасында қолжетімді болады, — деп хабарлады Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтің айтуынша, бұл жаңашылдық ерлі-зайыптылардың нотариаттық келісімін ресімдеу процесін анағұрлым жеңілдетеді. Азаматтар нотариусқа жүгінбей-ақ қажетті келісімді жылдам әрі ыңғайлы түрде ала алады. Процесс биометриялық сәйкестендірудің заманауи технологияларын қолдана отырып, деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз етеді.

«Онлайн форматтың артықшылығы – нотариусқа жүгінуге кететін уақыт пен шығындарды үнемдеу, сондай-ақ өзіне ыңғайлы мерзімде алу мүмкіншілігі» — деп атап өтті Бекболат Молдабеков.

Қызметті алу үшін:

  1. «eGovMobile» платформасында тіркелу;
  2. Өтініш нысанын толтыру және биометриялық тексеруден өту;
  3. Бейнеқоңырау бойынша келісімді ресімдеу;
  4. Нотариустың қызмет ақысын төлеу;
  5. Нәтижесінде, құжат «Цифрлық құжаттар» сервисінде қолжетімді болады.