«Калқаман» метро станциясының тоннельдерінің бірінде «дыбыссыз» рельстер төселді

Алматы метросының бірінші желісінің үшінші іске қосу кешенін («Б. Момышұлы» станциясынан «Калқаман» станциясына дейін) салудың бас мердігері – «BCN Group» («Bazis Construction») ЖШС сол жақ бағыттауыш тоннельге рельстер төсеу жұмыстарын толық аяқтады.
Компанияның басқарушы директоры Мұрат Укшебаевтың айтуынша, 1807 метр рельс заманауи технология бойынша – шпалсыз және түйіспесіз – төселді. Әрбір 25 метрлік рельс алюминотермиттік дәнекерлеу әдісімен біріктіріледі: балқытылған металл түйіспені берік бекітіп, рельстерді біртұтас сызыққа айналдырады. Бұл пойыздардың барынша жайлы, жұмсақ әрі шуылсыз қозғалуын қамтамасыз етеді.
Тоннельдің бір жағында техникалық персоналға арналған арнайы жолақ орнатылған, ал екінші жағында жылжымалы құрамды электрмен қамтамасыз етуге арналған контакт рельсі монтаждалып жатыр.
Тоннельдерде электрмен жабдықтау кабельдері, су құбыры және дренаж жүйесі тартылуда. Сонымен қатар дыбыстық хабарлау, бейнебақылау, өртке қарсы және қауіпсіздік дабылдары, метрополитенге кіруді бақылау және есепке алу жүйелері орнатылады. Жарықтандыру және жабдыққа арналған кронштейндерді монтаждау жұмыстары толық аяқталған.

Қазіргі уақытта оң жақ бағыттауыш тоннельдің қазу жұмыстары жалғасуда: 1593 метрдің 1236 метрі қазылды, 357 метрі қалды. Өткізу қарқыны – тәулігіне 4–5 метр. Дайын бөлікте шамамен 200 метр рельс төселді.
Жыл соңына дейін рельстерді пристанциялық құрылыстарда және «Калқаман» станциясының өзінде төсеу аяқталады деп жоспарлануда.
Станциядағы монолиттік жұмыстар іс жүзінде толық аяқталған, нысанда кері көму жүргізіліп жатыр. Айта кетсек, станция құрылысына жалпы 32,8 мың текше метр бетон пайдаланылды. Вестибюльде, платформада, техникалық бөлмелерде және төмендеткіш қосалқы станция блогында әрлеу, қуат кабельдерін тарту және жабдықты монтаждауға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Станция құрылысының нормативтік мерзімі – 24 ай, алайда «BCN Group» («Bazis Construction») ЖШС жұмысты жоспардан бұрын – 14 ай ішінде аяқтауды көздеп отыр. Сондай-ақ станция мен тоннельдерді қауіпсіз пайдалануға қажетті жабдықтар мен материалдарды жеткізу жүргізілуде.
Нысанда үш ауысымда 400-ден астам тәжірибелі маман жұмыс істейді: олардың 124-і жерастында, 293-і жерүсті учаскелерінде еңбек етуде.
Бекітілген кестеге сәйкес, барлық құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін толық аяқталады. Жобаның іске асырылуы Алматының көлік инфрақұрылымы үшін стратегиялық маңызға ие болып, қаланың ондаған мың тұрғыны үшін көлік қолжетімділігін арттырады.



