Біз бұған дейін Қазақстанда 2025–2029 жылдарға арналған «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» («ЭКСЖ») Ұлттық жобасының іске қосылып, алғашқы оң нәтижелерін бере бастағаны туралы бірнеше рет жазған болатынбыз.

Жобаны тиімді іске асыруда сатып алу рәсімдерін цифрландыру маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта биылғы жылдың 3 қарашасында «ЭКСЖ» Ұлттық жобасының бірыңғай сатып алу платформасы іске қосылды. Электрондық платформаның әкімшісі ретінде «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС айқындалды. Барлық нұсқаулықтар мен ресми құжаттар «ЭКСЖ» жобасының ресми сайтында берілген, ол жерде қатысушылар талаптармен алдын ала таныса алады.

Платформа табиғи монополиялар субъектілерінің (ТМС) сатып алу қызметіне арналған және «ЭКСЖ» аясында сатып алу қызметін автоматтандыру бойынша кешенді жүйе болып табылады. Модульдер ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО), ҚР Энергетика министрлігінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің (ҰЭМ ТМРК), «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ («Қазорталық ТҮКШ») және «„Бәйтерек“ ҰБХ» АҚ-ның қатысуымен біртіндеп енгізілуде. ТМС-дан келіп түсетін өтінімдерді жауапты департаменттер күнделікті негізде қабылдайды және қарайды.

Платформа аясында әр өтінімге бірегей ID тағайындалады, барлық әрекеттер ЭЦҚ арқылы расталады, ал құжаттар электрондық түрде сақталады. Платформа мемлекеттік тізілімдермен және салалық деректер базаларымен біріктірілген, бұл қайталануды болдырмайды және мәліметтердің автоматты тексерілуін қамтамасыз етеді.