Цифрлық заманда Үндістанның бет-бейнесі қандай?!

Үндістан тек бай тарихымен немесе мәдени мұрасымен ғана емес, цифрлық трансформацияның ауқымымен де әлем назарын өзіне аударып отыр. Халқының саны 1,4 миллиардқа жуық ел үшін цифрландыру – таңдау емес, стратегиялық қажеттілік. Осы ауқымды үдерістің алдыңғы шебінде Үндістанның Электроника және ақпараттық технологиялар министрлігі (MeitY) тұр.

Digital India – мемлекет пен азамат арасындағы жаңа байланыс. 2015 жылы бастау алған Digital India бағдарламасы Үндістандағы мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертті. Бүгінде жүздеген миллион үнді азаматы мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта алады. Әлеуметтік төлемдер, салық, медициналық тіркеу, білім беру қызметтері барлығы біртіндеп цифрлық ортаға көшірілді.

MeitY өкілдерінің айтуынша, бұл бастаманың негізгі мақсаты – технологияны элитаға емес, қарапайым азаматтың күнделікті өміріне енгізу. Интернет инфрақұрылымын ауылдық және шалғай аймақтарға дейін жеткізу осы стратегияның маңызды бөлігі саналады.

Осы орайда Ғылым және технологиялар департаментінің (DST) хатшысы, белгілі инженер әрі ғалым Абхай Карандикар Үндістанның цифрлық бағытына тоқталып өтті:

«Біз цифрландыруды тек технологиялық прогресс ретінде емес, қоғамды трансформациялайтын құрал ретінде қабылдаймыз. Мемлекеттің міндеті – цифрлық мүмкіндіктерді әрбір азаматқа, әлеуметтік жағдайына қарамастан, қолжетімді ету. Сонда ғана технология нақты нәтиже береді»

Aadhaar әлемдегі ең ірі цифрлық сәйкестендіру жүйесі Digital India бағдарламасының ең ірі әрі бірегей жобаларының бір. Бұл – биометриялық сәйкестендіру жүйесі. Платформада 1,3 миллиардтан астам адам тіркелген. Әр азаматтың жеке деректері биометриялық параметрлер арқылы қорғалып, бірегей цифрлық сәйкестендіру нөмірімен байланыстырылған.

Үндістан: тарих пен технология үндескен кеңістік

Aadhaar жүйесі Үндістанға бірден бірнеше салада серпін берді. Әлеуметтік төлемдер жүйесінде ашықтық артты, жалған алушылар мен делдалдар саны азайды. Медицина мен білім беру саласында азаматтарды нақты есепке алу мүмкіндігі пайда болды. Сонымен қатар, мемлекеттік және жеке цифрлық қызметтерге бір идентификатор арқылы қол жеткізу қалыптасты.

Үндістанда цифрлық реформалар білім беру саласын да түбегейлі өзгертуде. Білім, ғылым және инновация мұның барлығы цифрлық теңдікке деген ұмтылыс Онлайн оқыту платформалары, ашық білім ресурстары, цифрлық университеттер мен қашықтан білім беру жүйелері әсіресе ауылдық өңірлердегі жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

MeitY мен Ғылым және технологиялар департаменті бірлесіп, STEM-білімге (ғылым, технология, инженерия және математика) басымдық беріп отыр. Мемлекет жас ғалымдар мен стартаптар үшін гранттық бағдарламаларды кеңейтіп, университеттер мен зерттеу орталықтарын цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп жатыр.

Бұл ретте Абхай Карандикар ғылым мен инновацияның ел болашағындағы рөліне де ерекше тоқталды:

«Үндістанның басты артықшылығы – адами капитал. Егер біз жастарды сапалы біліммен, зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін инфрақұрылыммен және цифрлық құралдармен қамтамасыз етсек, инновация өздігінен пайда болады. Біздің мақсат – ғылымды зертханадан шығарып, экономиканың нақты секторымен байланыстыру»

Қазақстандық жастар делегациясы Үндістанға ғылыми-танымдық сапарға қатысты

Цифрлық болашаққа зор сеніммен Үндістан жаңа кезеңнің бар мүмкіндіктерін пайдаланып,  бүгінде Viksit Bharat 2047 100 жылдығына қарай дамыған мемлекетке айналу стратегиясын жүзеге асырып жатыр. Бұл жолда цифрлық технологиялар, білім мен инновация негізгі тірекке айналған.

MeitY бастамалары Үндістанның цифрлық дәуірге тек бейімделіп қана қоймай, оны өз моделіне сай қалыптастыруға ұмтылып отырғанын көрсетеді. 1,3 миллиард адамның цифрлық болашағын бір жүйеге біріктіру – әлемдік тәжірибеде сирек кездесетін ауқымды жоба.

Қазақстан үшін де Үндістанның бұл тәжірибесі маңызды. Себебі цифрландыру, e-government және білім саласындағы осындай кешенді модель аймақтық ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер аша алады.

Ғазиза Ұзақ