Дәулескер музыканттардың орындауындағы қос жауһар

6 ақпанда «Астана Операның» Күләш Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында «Ұлы жауһарлар» жарқын кеші өтеді. Оған көпшілік мойындаған классикалық өнер шеберлері – Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері скрипкашы Айман Мұсақожаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері пианист Тимур Урманчеев, сондай-ақ олардың әріптестері – скрипкашы Мақсат Жүсіпов, альтшы Гүлнар Тілеуғабылова мен виолончельші Мұрат Нарбековтың қатысуы бұл концертті айрықша етеді.
«Ұлы жауһарлар» бағдарламасында сан алуан, бірақ ғаламат әлемдерді таныстыратын екі камералық музыка туындысы – Вольфганг Амадей Моцарттың классикасы мен Антонин Дворжактың романтизмі ұсынылады.
Концертті өз дәуірінің жаңалығына айналған шығарма – Вольфганг Амадей Моцарттың Фортепианолық триосы, соль мажор ашады. Оны Тимур Урманчеев, Мақсат Жүсіпов және Мұрат Нарбеков орындайды. Пианистің айтуынша, бұл триода композитордың серпілісі ерекше сезіледі. – Мұнда фортепиано сүйемелдеуші аспап болуын тоқтатып, алдыңғы орынға шығады да, музыкалық ойды жетелейді. Алайда Моцарт тепе-теңдікті сақтайды: бұл арада скрипка мен виолончельдің де өзінің көптеген әдемі тақырыптары бар, олар бір-біріне музыкалық фон ретінде ғана қызмет етпейді, олар өзара әңгімелеседі. Алдымызда тұрған міндет – басқа орындаушылардан ерекшелену немесе солист болу емес, керісінше табиғи тепе-теңдік атмосферасын жасау, әрбір аспаптың өнер көрсетуін шынайы ету.
Т.Урманчеев тұтас кештің драматургиясын Моцарттың айқындылығы және Дворжактың эмоциялық толықтығы арқылы көреді. – Бір қарағанда Моцарт пен Дворжак – екі бөлек композиторлар, алайда оларды туындыларындағы таңғаларлық құрылымдар мен музыкадағы адами тіл біріктіреді, – деп ой өрбітті музыкант. – Моцартта бұл айқындылық, түс, ауызекі интонация, мұнда әрбір сөйлем анық байқалады. Дворжакта – кеңдік, халықтық негіз, жылы лирика басым. Бұл бағдарламада камералық музыка классикалық айқындылықтан күрделі симфониялық камералыққа дейін қалай өрбитінін естуге болады. Бұл қос дәуірдің диалогы, қозғалыс, ішкі серпіліс. Олардың жақындығы концертті драматургиялық тұрғыда толыққанды әрі көлемді етеді, – деп атап өтті Тимур Урманчеев.
Сонымен, кешті дүние жүзінің тыңдармандарын өзінің эмоциялық тереңдігімен және әуендік байлығымен тәнті етіп келе жатқан шығарма – Антонин Дворжактың №2 фортепианолық квинтеті, ля мажор жалғастырады. Белгілі пианист Тимур Урманчеев осынау квинтеттің танымалдылық сыры ауқымдылық пен ішкі жақындықтың таңғаларлық үйлесімділігінде деп санайды.
– Бұл камералық туынды болса да, ол тұтас әлем секілді естіледі, – дейді Т.Урманчеев. –Пианист үшін бұл партия өте құнды. Осынау виртуоздық шығармада музыканың әсері емес, тынысы маңызды. Мұнда фортепиано – әрі қозғалтқыш, әрі баяндаушы, әрі серіктес. Бұл баурап аларлықтай музыка, оны әркез орындаған сайын аспаптар мен тақырыптар арасындағы жанды диалогты сезінесің, ол сонысымен еліктіріп әкетеді. Тыңдармандар оны шынайылығы үшін жақсы көреді. Онда ойдан шығарылған ештеңе жоқ, барлығы қазір пайда болғандай естіледі.
Фортепиано осынау диалогқа ішекті аспаптар квартетімен тең дәрежеде қатысады. Әйгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева ансамбльге ерекше маңыздылық үстейді. – Айман Қожабекқызы – өзінің көркемдік пайымдауы бар мықты музыкант, ол камералық ансамбль мүшесі ретінде де танымал, – деп атап өтті Тимур Урманчеев. – Дворжактың квинтетінде бірде-бір аспап солист емес, рояльді қоса алғанда барлығы – тең құқылы қатысушылар. Біздің өзара әріптестігіміз бір-бірімізді тыңдау нәтижесінде құрылады. Серіктестік деңгейі жоғары болғанда музыка өз заңдылығымен тіршілік ете бастайды. Міне, біз қатты жақсы көретін нағыз камералық музыкалық орындау дегеніміз – осы, – деп қорытындылады Тимур Урманчеев.
Концерттің басталуы 19:00-де.



