Талдықорғанда жаңарған әлеуметтік дүкен ашылды

Талдықорған қаласында жаңғырту жұмыстарынан кейін тағы бір әлеуметтік дүкен халық игілігіне берілді. Бұл нысан тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ашылып отыр. Жалпы, облыс орталығында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының желісі бойынша құрылған 7 әлеуметтік дүкен мен әлеуметтік сөре жұмыс істейді.

Мұндай сауда орындарында негізгі азық-түлік тауарлары нарықтағы бағамен салыстырғанда орта есеппен 20–25 пайызға арзан сатылады. Бұл жергілікті тұрғындарға күнделікті қажетті өнімдерді тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.

Жаңа дүкен «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-ның қолдауымен және жергілікті кәсіпкерлермен әріптестік негізінде ашылды. Мұнда облыстың тұрақтандыру қоры арқылы жеткізілген өнімдер мен «айналым схемасына» тартылған отандық өндірушілердің тауарлары ұсынылады. Дүкен сөрелерінде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік бар.

Мәселен, І санатты жұмыртқаның ондығы 550 теңгеден, күнбағыс майының литрі 510 теңгеден, күріш 380 теңге/кг, картоп 180 теңге, ал сәбіз 170 теңге/кг бағасымен сатылуда. Бұл бағалар қаладағы өзге әлеуметтік дүкендердегі деңгеймен бірдей.

«Жетісу» ӘКК өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік дүкендерді ашу жұмыстары облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары аясында жүзеге асырылып келеді.

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті бюджет есебінен тұрақтандыру қоры қалыптастырылып, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие берілді. Қазір осы екі механизм арқылы 19 түрлі азық-түліктің 6,3 мың тонна көлемінде қоры жасақталып, жеткізуге келісімшарттар жасалған. Бұл өнімдер біздің әлеуметтік дүкендер арқылы делдалсыз, өндірушіден тікелей сатылып жатыр. Соның арқасында халыққа қолжетімді баға ұсынылуда, – деді «Жетісу» ӘКК АҚ әлеуметтік жобалар департаментінің директоры Бақтияр Сембеков.

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік тауарлардың жеткілікті болуын қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қоры арқылы тауар интервенциясы тұрақты түрде жүргізіліп отырады.

Айта кетейік, жаңарған «JETI» әлеуметтік дүкені Талдықорған қаласындағы «Самал» шағын ауданында орналасқан.

Талдықорған қаласындағы әлеуметтік дүкендер мен сөрелер:

  • №1 әлеуметтік дүкен – Еркін ауылы, Бесшатыр көшесі, 75;

  • №2 әлеуметтік дүкен – «Көктал» шағын ауданы («Бугор»), Амангелді көшесі, 47А;

  • «Jetisy» әлеуметтік дүкені – Алдабергенов және Рақышев көшелерінің қиылысы («Коммуналдық базар»);

  • «Минимаркет» дүкені – Өтенай ауылы, Ынтымақ, Ә. Молдағұлова көшесі, 70/3;

  • «Санжар» дүкені – Пушкин көшесі, 239А (әлеуметтік сөре);

  • «Жасмин» дүкені – «Жастар» шағын ауданы, 15-үй (әлеуметтік сөре);

  • «JETI» әлеуметтік дүкені – «Самал» шағын ауданы, 43-үй.

Әлеуметтік дүкендердің жұмысы тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып отыр.