РФММ оқушылары Хьюстонда (АҚШ) өтетін робототехникадан халықаралық чемпионатта Қазақстан намысын қорғайды
2023 жылдың 18-22 сәуірі аралығында Хьюстонда (АҚШ) 100 елден 192 команда арасында робототехникадан халықаралық чемпионат өтеді. Қазақстан атынан Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің AENTA командасы қатысады.
AENTA командасының құрамында Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 10-11 сыныптарының 16 оқушысы бар. Ағымдағы жылдың ақпан айында оқушылар робототехникадан Орталық Азия чемпионатына қатысып, Гран-приді жеңіп алды. Бұл марапат оларға АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін халықаралық чемпионатта Республика атынан қатысуға мүмкіндік берді
Орталық Азия чемпионатында команда ағымдағы маусымның басты тақырыбына сәйкес энергия өндіруге көмектесетін роботты таныстырды. Бұл ретте тек энергия өндіру жеткіліксіз болды, әлеуетті, қуатты және өнімділікті барынша арттыру қажет болды. Робот барлық ойын кезеңінде ойын элементтерін алаңда зарядтауға мәжбүр болды. Басты мақсат – миссияны орындау үшін роботтың жасанды интеллектін пайдалану. Шынайы өмірдегідей роботқа өріс элементтері арасында электрлік байланыс жасау қажет болды. Бұл элементтерді конустарды арнайы арқалықтарға қою арқылы қуаттау мүмкін болды. Мұнда жылдамдық, дәлдік және стратегия ескерілді, онда командалар энергия өндірудің ең жақсы әдісін таңдады.
«Роботпен 4 ай жұмыс істедік. Робот АҚШ-қа барар алдында модернизацияланады, мысалы, оны жаңа, жылдамырақ қозғалтқыштармен қамтамасыз ету жоспарлануда», — дейді топ мүшесі, РФММ 10-сынып оқушысы Рамазан.
Ұлттық ұялы байланыс операторы «Кселл» АҚ РФММ командасына қолдау көрсетті.
«Кселл» АҚ Басқарма Төрағасы Асхат Узбеков: «Кселл заманауи технологиялар бойынша жетекші компания және осы саладағы өскелең ұрпақтың бастамаларын қолдайды. Робототехника – біздің заманауи технологиялық болашағымыздың осындай бағыттарының бірі. Біз AENTA командасын қолдадық, өйткені жігіттер елімізді әлемдік аренада лайықты танытатынына сенімдіміз»