Елордада патрульдік полицейлер адам өмірін сақтап қалуға жедел көмектесті

Астана қаласы полиция департаменті патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары Диас Әбітбек пен Адильбек Разаков қызмет барысында жоғары қырағылық пен азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Олар күнделікті кезекшілік кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, кез келген төтенше жағдайға әрдайым дайын екендерін іс жүзінде дәлелдеп келеді.

Оқиға Біржан сал көшесінде түскі уақытта болған. Патрульдеу барысында инспекторлар көшеде кенеттен жерге құлап қалған әйелді байқап, бірден оқиға орнына жеткен. Полицейлер жағдайды жедел бағалап, уақыт жоғалтпай әрекетке көшті.

Тәртіп сақшылары сабыр сақтап, үйлесімді әрі нақты іс-қимыл жасады. Олар әйелді қауіпсіз қалыпқа келтіріп, тыныс алуын бақылауға алып, алғашқы медициналық көмекті көрсетті. Сонымен қатар жедел жәрдем қызметіне дереу хабар беріп, медицина қызметкерлері келгенге дейін қажетті көмекті үздіксіз жалғастырды.

Куәгерлердің айтуынша, полицейлердің шапшаң әрі кәсіби әрекеті айналадағы адамдардың абдырап қалмауына ықпал еткен. Олар оқиға орнын бақылауда ұстап, артық адамдардың жиналуына жол бермей, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті.

Жедел жәрдем келген соң әйел медицина қызметкерлеріне тапсырылды.

Бұл жағдай полиция қызметкерлерінің тек құқық бұзушылықтардың алдын алумен шектелмей, адам өмірін сақтап қалуда да маңызды рөл атқаратынын айқын көрсетеді. Кәсібилік, жеделдік және адамгершілік – полиция қызметінің басты қағидаттары екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Қала тұрғындары мен оқиға куәгерлері Диас Әбітбек пен Адильбек Разаковқа шынайы алғыстарын білдіріп, олардың батыл әрекеті мен жанашырлығын ерекше атап өтті.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі