«Алматыэлектротранс» маршруттарында Avtobys цифрлық жолақы төлеу жүйесі толық іске қосылды

Алматы қаласында «Алматыэлектротранс» қоғамдық көлік тасымалдаушысының маршруттарында Avtobys цифрлық жолақы төлеу жүйесін толық енгізу жұмыстары аяқталды. Бүгінде жүйе мегаполистегі қоғамдық көліктің шамамен 80%-ын қамтып, қаланың барлық аудандарында, соның ішінде қала маңындағы бағыттарда жұмыс істейді.

Қазіргі таңда жүйеге Алматының күнделікті жолаушылар ағынына қызмет көрсететін 3100-ден астам қоғамдық көлік бірлігі қосылған. Бұл – соңғы жылдардағы қала көлік инфрақұрылымын цифрландыру бағытындағы ең ауқымды жобалардың бірі.

Жобаның басты мақсаты – жолаушылар үшін қоғамдық көліктің қолжетімділігі мен пайдалану ыңғайлылығын арттыру. Цифрлық сервистерді енгізу арқылы қала тұрғындары мен қонақтарына жолақы төлеудің бірнеше заманауи тәсілі және мобильді қосымшадағы онлайн-қызметтер қолжетімді болды.

Жолақыны келесі тәсілдер арқылы төлеуге болады:

— Avtobys мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен, Bluetooth және көлік нөмірі бойынша;

— смартфондар мен смарт-сағаттардағы NFC технологиясы арқылы;

— банк карталарымен;

— Apple Pay, Google Pay және Samsung Pay сервистері арқылы;

— банк және мобильді операторлардың қосымшалары арқылы.

Сонымен қатар жолаушыларға қоғамдық көліктің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылау, аялдамаға келу уақытын көру, маршрут құру және жеңілдік тарифін онлайн рәсімдеу мүмкіндігі қолжетімді.

Көлік жүйесін цифрландыру ірі мегаполис үшін ерекше маңызды. Заманауи төлем тәсілдері жолаушылардың автобусқа міну уақытын қысқартып, қарбалас сәттерде кіреберістегі жүктемені азайтуға және сапарларды анағұрлым ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.

Цифрлық жүйе тұрғындарға қолайлылық жасаумен қатар, қоғамдық көлік жұмысының тиімділігін арттыруға да ықпал етеді. Қала жолаушылар ағыны, маршруттардың жүктемесі мен желілердің жұмысы туралы өзекті аналитикалық деректерге қол жеткізіп, оларды көлік жүйесін жоспарлау мен дамытуда пайдалана алады.

Ал тасымалдаушылар үшін жүйе көлікті нақты уақыт режимінде диспетчерлеу және мониторинг жүргізудің заманауи құралдарын ұсынады.

Бүгінде цифрлық платформалар Қазақстандағы қалалық инфрақұрылымды дамытудың маңызды бөлігіне айналып келеді. Қоғамдық көлік саласы да қала сервистерін цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі саналады.

Жүйені пайдалану үшін Avtobys қосымшасын App Store, Google Play немесе AppGallery платформаларынан жүктеп, телефон нөмірі арқылы тіркелу жеткілікті.