Қазақстанда жаңа буындағы Audi A6 сатылымға шықты

Orbis Auto автомобиль тобының құрамына кіретін Audi брендінің Қазақстандағы ресми импорттаушысы C9 шанағындағы жаңа буындағы Audi A6 моделін таныстырды. Темір тұлпардың бастапқы бағасы 44 000 000 теңгеден басталады. Жаңа Audi A6 брендтің бизнес-класс санатындағы ең танымал модельдерінің бірі саналады. Бұл жолы автомобиль жаңартылған сыртқы келбетімен, кеңейтілген цифрлық мүмкіндіктерімен және жүргізуші мен жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға арналған заманауи технологияларымен ерекшеленеді.

Қазақстан нарығында жаңа Audi A6 екі қозғалтқыш нұсқасымен ұсынылады. Оның бірі – қуаты 272 ат күшіне тең 2,0 литрлік қозғалтқыш, екіншісі – 367 ат күшін өндіретін 3,0 литрлік қозғалтқыш. Көлік жоғары динамикалық мүмкіндіктерді дәл басқару мен жайлы қозғалысты қамтамасыз ететін технологиялармен үйлестірген. Толық жетекті quattro жүйесі, артқы дөңгелектерді басқару технологиясы, бейімделетін пневмоаспа және Audi drive select жүйесі көліктің мінезін қала ішіндегі қозғалыстан бастап, тасжолдағы ұзақ сапарларға дейінгі кез келген жағдайға оңай бейімдеуге мүмкіндік береді.

Жаңа буындағы Audi A6-ның сыртқы келбеті жаңартылып, шанағының пішіні бұрынғыдан да айшықты әрі сәнді бола түсті. Көліктің дене бітімі көзге ұзындау көрініп, сызықтары нақтыланып, сымбаты серпінді сипатқа ие болған. Автомобильдің алдыңғы бөлігінде төмен орналасқан Singleframe радиатор торы мен жіңішке жарық шамдарының дизайны ерекшеленсе, артқы жағында тұтас жарық жолағы мен заманауи үлгідегі шамдар графикасы қолданылған. Бұл шешімдер көліктің шанағын көзбен шолғанда кеңірек әрі еңселі етіп көрсетеді.

Басты техникалық жаңалықтардың бірі – аэродинамиканың айтарлықтай жетілдірілуі. Бұл модель іштен жанатын қозғалтқышпен жабдықталған Audi көліктері арасындағы ең үздік аэродинамикалық көрсеткіштердің біріне ие болды: Cd коэффициенті 0,23-ті құрайды. Бұл көліктің тиімділігін арттырып қана қоймай, жоғары жылдамдықпен жүрген кезде салондағы дыбыс жайлылығын да жақсартады.

Жаңа Audi A6-ның интерьері толықтай цифрлық технологияларға бейімделіп, жүргізушінің ыңғайына бағытталған. Салонның архитектурасы Audi Digital Stage тұжырымдамасы негізінде жасалған. Жүргізуші мен алдыңғы жолаушының алдында виртуалды аспаптар панелі, орталық MMI дисплейі және жабдықталуына қарай алдыңғы жолаушыға арналған жеке MMI экраны орналасқан кең цифрлық кеңістік ұсынылады. Softwrap деп аталатын көлденең сәулет салонды көзге кеңірек етіп көрсетіп, тұтас әрі премиум деңгейдегі жайлы кеңістік әсерін қалыптастырады.

Жаңа буындағы көлікті әзірлеу кезінде акустикалық жайлылыққа ерекше мән берілген. Көліктің шанағындағы дыбыс оқшаулауы жақсартылып, есік пен терезе тығыздағыштары жетілдірілген. Сонымен қатар шиналар мен трансмиссиядан шығатын шуды азайтатын арнайы шешімдер қолданылған. Бұл әсіресе ұзақ сапарларға да, қала ішінде күнделікті жүруге де арналған бизнес-класс седаны үшін маңызды артықшылық саналады.

Жаңа Audi A6 заманауи жарықтандыру жүйесімен жабдықталған. Жинақталуына қарай модельде Matrix функциясы, LED headlights plus, LED rear lights pro және цифрлық OLED шамдары ұсынылады. Мұндай жарық жүйесі көліктің ерекше әрі танымал сыртқы келбетін қалыптастырып қана қоймай, жолды дәлірек жарықтандыру және басқа жүргізушілерге көлікті жақсырақ көрсету арқылы қауіпсіздік деңгейін арттырады.

Жаңартылған Audi A6-да жүргізушіге көмек көрсететін жүйелерді жетілдіруге ерекше көңіл бөлінген. Модельде қозғалыс пен тұраққа қою көмекшілері, айналаны толық көрсететін камералар жүйесі, адаптивті қозғалыс ассистенті, көрінбейтін аймақтарды бақылау жүйесі, көліктен түсер кездегі қауіп туралы ескерту функциясы, көлденең қозғалысты бақылау, кедергіден айналып өту және бұрылыс жасау көмекшілері қарастырылған. Бұл технологиялар жүргізушіге көлік айналасындағы жағдайды бақылауды жеңілдетіп, қала көшелеріндегі қарбалас трафик кезіндегі жүктемені азайтады.

Жаңартылған көлік Audi drive select жүйесімен үйлескен бейімделгіш пневмоаспамен жабдықталған. Ол таңдалған жүргізу режиміне қарай көліктің жолдан биіктігін және қозғалыс сипатын автоматты түрде өзгертеді. Мысалы, комфорт режимінде басты назар жүрістің жұмсақтығы мен жайлылығына аударылса, динамик режимінде көлік басқаруға шапшаң жауап беріп, жолда анағұрлым жинақы қозғалыс көрсетеді.

Артқы доңғалақтарды басқару жүйесі көліктің төмен жылдамдықтағы маневрлік қабілетін арттырып, жоғары жылдамдықта тұрақтылығын күшейтеді. Қала ішінде бұл жүйе тұраққа қоюды және тар кеңістіктерде қозғалуды жеңілдетсе, тас жолда жолақ ауыстыру мен бұрылыстардан сенімді өтуге көмектеседі.

Жаңа Audi A6 Қазақстанда сатылымға шықты. Көліктің жабдықталу нұсқалары, қолжетімділігі, сатып алу шарттары және тест-драйвқа жазылу туралы толық ақпаратты Audi-дің Қазақстандағы ресми дилерлік орталықтарынан алуға болады:

Audi Centre Almaty
Алматы қаласы, Құлжа тасжолы, 12/2

Audi Centre Astana
Астана қаласы, Тұран даңғылы, 74Б