ҚазҰУ-дың цифрлық жаңғыруы

Университеттегі цифрландырудың нәтижесін студенттің күнделікті оқуынан байқауға болады. Ол сабақ кестесін электрондық жүйеден қарайды, тапсырмаларын онлайн орындайды, қажетті әдебиетті кітапханаға бармай-ақ пайдалана алады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мұндай мүмкіндіктерді кеңейту оқу үдерісін жаңғыртудың бір бағытына айналды.
Оқу ордасы цифрлық технологияларды ғылыми зерттеулерге, университетті басқаруға және халықаралық ынтымақтастыққа да енгізіп келеді. Электрондық платформалар сабақ кестесін, оқу материалдарын, тапсырмалар мен бағалау нәтижелерін бір ортада пайдалануға мүмкіндік береді. Студент өз үлгерімін қадағалап, оқу уақытын жоспарлай алады. Оқытушыға материалдарды жаңарту, тапсырма беру және бағалау нәтижелерін жариялау ыңғайлы. Күнделікті рәсімдерді автоматтандыру уақытты үнемдеп, оқу үдерісін студентке де, оқытушыға да түсініктірек етеді.Электрондық кітапхана, онлайн дәрістер мен виртуалды зертханалар студенттің өз бетінше білім алуына жағдай жасайды. Ол қажетті дереккөзді қашықтан қарап, өткен тақырыпты қайталай алады немесе зертханалық жұмыстың кезеңдерін виртуалды ортада пысықтайды,қашықтан оқыту тәжірибесі цифрлық платформалардың оқу үдерісін үздіксіз жүргізудегі маңызын көрсетті.
Цифрландырудың тағы бір бағыты студенттердің кәсіби даярлығына қатысты. Ақпараттық технологиялар, бағдарламалау, деректерді талдау және цифрлық менеджмент курстары жастарға жаңа құралдарды өз мамандығы аясында қолдануға үйретеді. Кампустағы жоғары жылдамдықты интернет, цифрлық аудиториялар мен компьютерлік зертханалар алған білімді тәжірибеде бекітуге мүмкіндік береді. Мұндай ортада студенттер деректермен жұмыс істеп, оқу жобаларына өз шешімдерін ұсынады. Осы дағдылар олардың еңбек нарығының өзгеріп жатқан талаптарына бейімделуіне көмектеседі. Университет ғылымында цифрлық технологиялар зерттеу құралы ретінде де, жеке зерттеу бағыты ретінде де қолданылады. Ғалымдар жасанды интеллект, үлкен деректерді талдау, ақпараттық қауіпсіздік және цифрлық экономика мәселелерін зерделеп жүр. Осы бағыттардағы жобалар жас зерттеушілерге деректерді өңдеу, нәтижелерді салыстыру және ғылыми тұжырымдарын негіздеу тәжірибесін береді. Аталған ізденістер оқу ордасының ғылыми әлеуетін арттырып, еліміздің инновациялық дамуына үлес қосады.Әкімшілік жұмыста электрондық құжат айналымы құжатты тіркеу, келісу және өңдеу рәсімдерін жеделдетеді. Құжаттың қай кезеңде тұрғанын электрондық жүйеден бақылау қызметкерлердің жұмысын үйлестіруге және басқару шешімдерін дер кезінде қабылдауға көмектеседі. Соның арқасында университеттің ішкі рәсімдері ашық әрі ыңғайлы бола түседі. Цифрлық байланыс халықаралық академиялық жұмыстың аясын да кеңейтті. ҚазҰУ шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен онлайн жобалар, ғылыми вебинарлар мен виртуалды академиялық бағдарламалар ұйымдастырады. Студенттер мен оқытушылар осы форматтар арқылы шетелдік әріптестерімен пікір алмасып, ортақ жобаларға қатыса алады.
Цифрландырудың университет үшін маңызы технологияның күнделікті жұмыста қалай қолданылатынынан көрінеді. Студент үшін ол білім ресурстарына қолжетімділік пен кәсіби дағдыны дамытуға жағдай жасаса, оқытушыға оқу материалын әртүрлі форматта ұсынуға, зерттеушіге деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Осы бағыттарды жүйелі дамыту университеттің білім сапасын жетілдіруіне және болашақ мамандарды цифрлық ортада жұмыс істеуге даярлауына негіз болады.
Атаханова Г.М.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Заң факультеті қылмыстық құқық,
қылмыстық іс жүргізу және
криминалистика кафедрасының профессоры



