Жетісуда сегіз базар жаңғыртылды: өңірдің сауда саласында қандай өзгерістер бар?

Жетісу облысында сауда инфрақұрылымын дамыту және базарларды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бүгінде өңірде 22 базар жұмыс істейді. Оның ішінде төртеуі – мамандандырылған, 18-і – әмбебап базар.

Сонымен қатар сауда нысандарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта облыстағы сегіз базарда жаңғырту жұмыстары аяқталған. Олардың қатарында Талдықорған қаласындағы Желтоқсан көшесінде орналасқан әлеуметтік базар, Сарқан ауданындағы әмбебап базар, «Алакөл базары», Кербұлақ ауданындағы «Ырыс» базары, Қаратал ауданындағы «Жайлау» және «Даубай» базарлары, Текелі қаласындағы «Руал» базары және Талдықорған қаласындағы «Алдибек» әлеуметтік базары бар. Соңғы екі нысан 2026 жылы жаңғыртылды.

Базарлардың қызметінде заңнама талаптарының сақталуына да ерекше назар аударылады. Биыл үш сауда нысанында: Талдықорған қаласындағы «Шаған» базарында, Көксу ауданындағы «Ауыл» базарында және «Орталық» базарында жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша аталған үш нысанға да ескерту берілді.

Сауда саласындағы басым бағыттардың бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау. 2026 жылғы 4 қаңтардан бастап мұндай тауарлардың тізбесі кеңейтілді. Оған қызанақ, қияр, алма, сиыр еті, қой еті, жылқы еті, тартылған ет, балық, тауық еті, сүт өнімдері және қара шай енгізілді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшері өндірушінің босату бағасынан немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан 15 пайыздан аспауы тиіс. Бұл талаптың сақталуы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бақылауында.