Сарқан ауданы туризмге басымдық беруде

Сарқан ауданының туристік әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Әсіресе, Балқаш көлінің жағалауын абаттандырып, демалушыларға қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп отыр. Қазір мұнда екі қоғамдық жағажайдың құрылысы жүріп жатыр. Үшінші нысанды салу келесі жылға жоспарланған. Бұл туралы аудан әкімі Ғалым Маманбаев Б.Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Аудан басшысының айтуынша, Балқаш жағалауын дамыту тек демалыс орындарын көбейтумен шектелмейді. Мұндағы басты мақсат – туристерге қолайлы инфрақұрылым қалыптастырып, ауданның экономикалық мүмкіндігін кеңейту. Осы бағытта жағалауды күтіп ұстау үшін «Балқаш Тазалық» мекемесі құрылып, арнайы техника сатып алынған. Демалыс аумағына шезлонгтер, шатырлар, қоқыс жәшіктері мен заманауи санитарлық нысандар орнатылды. Жағалауға қызмет көрсету үшін жаңа жұмыс орындары да ашылған.
Бүгінде Балқаш көлінің жағалауындағы демалыс орындарына сұраныс жоғары. Биыл мұнда 399 мың демалушы келген. Жергілікті бюджетке түскен салық түсімі де өткен жылмен салыстырғанда артқан. Әкімнің сөзінше, қолға алынған жобалар толық жүзеге асса, алдағы уақытта жазғы маусымда келетін туристер санын 500-600 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.
“Туристік инфрақұрылымды дамыту аясында жалпы аумағы 29 гектардан асатын үш қоғамдық жағажай салу жоспарланған. Қазір алғашқы екі нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бірінші жағажайдың дайындығы аяқталуға жақын болса, екіншісінде құрылыс жалғасып жатыр. Ал үшінші жағажайдың жобасы әзірленіп, келесі жылға қаржыландыруға өтінім берілген.
Ауданда тау туризмін дамытуға да көңіл бөлінуде. Соның бірі – «Жасыл көл» туристік бағыты. Бұл жолды жөндеу жұмыстары биыл аяқталуы тиіс. Сонымен қатар туристік бағыттардың қолжетімділігін арттыру үшін өзендер арқылы өтетін көпірлерді салу және жаңғырту жобалары әзірленуде”, – деді аудан әкімі.
Брифинг барысында аудан әкімі әлеуметтік-экономикалық дамудың өзге де бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, биыл өнеркәсіп саласында айтарлықтай өсім байқалады. Өндірілген өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам артқан. Ауыл шаруашылығында да оң динамика қалыптасып, егін жинау науқаны нәтижелі жүргізілген.
Әсіресе, қант қызылшасы шаруалар үшін маңызды дақылдардың біріне айналып отыр. Биыл ауданда 2,5 мың гектар алқапқа қант қызылшасы егілді. Жиналған өнім көлемі 118 мың тоннадан асты. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кооперативтерді қолдау жұмыстары жүргізілуде.
Жер мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. «Жер аманаты» жобасы аясында пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, қайта айналымға енгізілуде. Аудан әкімінің мәліметінше, биыл жерді мемлекет қорына қайтару жоспары артығымен орындалған.
Ауданда тұрғындарды баспанамен қамту бағытында да нақты жобалар жүзеге асқан. Сарқан қаласында екі бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру үшін «Отбасы банкке» тапсырылды. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған 50 тұрғын үй сатып алынған. Келесі жылы тағы екі көпқабатты үй салу жоспарланып отыр.
Жол инфрақұрылымын жақсарту да аудан тұрғындары үшін маңызды мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта «Алматы – Өскемен» – «Лепсі – Ақтоғай» бағытындағы жолды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталу сатысында. Сарқан – Тополевка және өзге де бағыттарда орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Бірқатар елді мекенге кіреберіс жолдар мен көпірлерді жаңарту жұмыстары да қолға алынған.
Ал ауыз сумен қамту мәселесінде аудан халқының басым бөлігі орталықтандырылған жүйеге қосылған. Қалған елді мекендерде де сумен жабдықтау сапасын жақсартуға бағытталған жобалар әзірленіп, қажетті құжаттар рәсімделуде.
Жалпы, Сарқан ауданында қолға алынған жұмыстар экономиканы дамытуға, ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Ал Балқаш жағалауындағы жаңа қоғамдық жағажайлар мен туристік жобалар ауданның демалыс индустриясын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек.


