Елордада Цифрландыру және мектептердегі қауіпсіздік туралы пресс-брифинг өтті
Астана қаласының коммуникациялар қызметінде Цифрландыру және мектептердегі қауіпсіздік туралы Астана қаласының Білім басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов брифинг өткізді.
Бүгінгі таңда елордада барлық білім беру ұйымдары цифрлық бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Барлық камералар мен дабыл түймелері Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Орнатылған камералар барлық талаптарға сәйкес келеді. Білім беру объектілерінде қауіпсіздікті 1 санаттағы лицензиясы бар, жеке күзет компаниялары қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, барлық білім нысандары турникеттермен қамтамасыз етілген.
Елордада мектепке дейінгі білім беру ұйымына қабылдау «INDIGO: Электронды балабақша» ақпараттық өнім арқылы балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға тікелей байланыссыз және жылдам қабылдауды қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылдың шілдесінен бастап электронды типтік келісім-шарт енгізілген.
«Бүгінгі күні қала аумағында IT бағытта білім беретін 4 мектеп бар. Аталмыш мектептерде «Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, өзгерістерге бейім, сауатты, ІТ — құзіретті, адал ұрпақ тәрбиелеу» міндеттерін жүзеге асыру мақсатында компьютерлік графика, видео-технология, мобильді қосымшалар дайындау, робототехника, веб-сайттар құру және 3D модельдеу, Design, web-технологиялар, электроника және мехатроника бағыттары тереңдетіліп оқытылады», — дейді Н.Еламанов.
Оқушылардың үлгерімін бақылау үшін барлық орта білім беру ұйымдары Kundelik.kz. автоматтандырылған электронды журналға қосылған, онда барлық мектеп ақпараты жинақталған. Яғни, бұл әдеттегі мектеп күнделігі мен мұғалім журналының цифрлық аналогы, бірақ мұғалімге, оқушыға және оның отбасына арналған қосымша мүмкіндіктері бар.
Қазіргі уақытта тамақтану қызметін пайдалану, қоғамдық көлікпен жол жүру, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсету, мектептердің кіреберіс тобының турникеттерінен өту қызметтерін біріктіретін «Әлеуметтік әмиянды» енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі таңда қаланың барлық мектептері деректерді беру жылдамдығы 100 Мбит/с болатын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде «2023-2025 жылдарға арналған білім беру процесін цифрландыру бойынша іс-шараларды ұйымдастыру» Жол картасы бекітілді.
Сонымен қатар, «MINDAL» электронды жүйесі арқылы қосымша білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау процесі автоматтандырылған. Балалардың сабаққа қатысуының ашықтығын толық бақылау үшін 2022 жылдың сәуір айында алғаш рет сабаққа қатысуды есепке алу функциясы қосылды.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері үшін «Platonus college» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілді. Жүйе колледждерге оқуға түскен сәттен бастап диплом бергенге дейінгі оқу іс-әрекетіндегі бизнес-процестердің көпшілігін автоматтандыруды қарастырады.
Сонымен қатар, IT бағытта білім беретін 3 мемлекеттік, 15 жеке меншік жалпы 18 Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында IT-мамандықтар бойынша «Компьютерлік инженерия және ақпарат құралдары», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» оқыту жалғастыруда.
Қала мектептерінде білім беру үдерісін жақсарту үшін Online mektep.kz, Bilim Land, Daryn.online ақпараттық-білім беру платформалары жұмыс істейді.
Мұғалімдерге арналған online-metod.kz, elorda-mektep.kz «Елордалық электронды мектеп» elorda-mektep.kz әдістемелік қолдау көрсетуге арналған ашық онлайн платформалар бар.