Алматыда Батыс Қазақстан облысының камералық оркестрінің концерті өтті
Республика күні қарсаңында және Елорданың 25 жылдық мерейтойы аясында Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі Алматы қаласына гастрольдік сапармен арнайы келді. «Алатауға Ақ Жайықтан сәлем» атты кеш жиналған қауымның көңілінен шығып, көрермендер оркестр өнерін ерекше ілтипатпен қабылдады.
Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерт залында өткен концертке елімізге белгілі тұлғалар да арнайы келді.
«Бүгін бір рахаттанып демалдық. Музыка деген адамның жаны ғой, оның үстіне оркестр. Алатауға Ақ Жайықтан сәлем алып келіп жатқан оркестр –әбден қалыптасқан ұжым. Бағдарламасы жақсы, ұлттық тақырып кеңінен қамтылған. Халық жақсы қарсы алды. Репертуар жақсы таңдалған, дайындықтары да жоғары деңгейде», — деп баға берді абыз ақсақал, актер, режиссер Асанәлі Әшімов.
Ал әнші Нұрлан Өнербаев кеш көрермендерінің қатарынан табылу үшін Астанадан арнайы келген ұжымға өз лебізін білдірді:
«Бүгін әлемдік қорға енген керемет музыкалық туындыларды, қазақтың інжу-маржан әндерін тыңдау бақыты бұйырды. Әлемді жайлаған пандемиядан кейін елдің еңсесі кішкене көтеріліп, осындай бір өнер кештеріне деген елдің ықыласы қайта жанданғандай. Соған дәлел ретінде сонау өңірден, Батыстан, Жайықтың жағасынан әдемі ұжым келіп, мынау Алатаудың бөктеріндегі Алматы қаласында өнер көрсетуі – көрермендер үшін үлкен қуаныш. Мен Астанадан арнайы келіп, концертті тамашаладым. Өйткені бұл ұжым мен үшін өте ыстық. Былтыр өңірлерді аралап шыққан шығармашылық кештерімнің алғашқысын Орал қаласында дәл осы ұжыммен өткізген болатынмын. Әдемі кештері жалғасын таба берсін»
Небәрі 10 жылдан астам тарихы бар жас оркестр ұзақ үзілістен кейін гастрольдік сапарды бастап отыр. 2016 жылы «Әуен Fest» фестивалі аясында Алматы қаласында өнер көрсеткен.
Музыкалық кеште оркестрге арнап жазылған белгілі шығармалар орындалып, халық әндері мен Қазақстан сазгерлерінің әндері шырқалды.
БҚО камералық оркестрінің директоры Салтанат Абулгазиева:
«Гастрольдік сапарымызды Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматыдан бастағанымыз бекер емес. Себебі, Алматы еліміздің өнер мен мәдениет астанасы ғана емес, талай жанның бағын ашып, қанатын қатайтып, үлкен мүмкіндіктерге жол ашқан қала. Бұл қалада мен де білім алып, қызметтік жолымды бастадым. Алматыда алған білімім мен тәжірибемнің арқасында туған жеріме оралып, қызметімді жалғастырып келемін. Сіздердің алдыларыңызда өнер көрсетіп, шығармашылық есеп беріп, зор ықыластарыңызға бөленгеніме қуаныштымын. Жас оркестрдің өнер ордасына табан тіреп, концерт беруі біз үшін үлкен жетістік. Гастрольдік сапарымызға қодау көрсеткен облыстық әкімдікке алғыс білдіремін. Келесі кешіміз 10 қазан күні Елорда төрінде жалғасын табады. Астана тұрғындары мен қала қонақтарын сағат 19.00-де Музыкалық жас көрермен театрының залында күтеміз»
БҚО камералық оркестрінің музыканты Елена Шутарева:
«Өнер астанасы саналатын Алматы қаласындағы концертке біз үлкен дайындықпен келдік. Арнайы музыкалық бағдарламамызды іріктеп келсек те, әрине, қатты қобалжыдық. Бізді Алматы көрермендері жылы шыраймен қабылдап жатыр, ал «Жас сахна» театрының әртістері зор қошеметпен күтіп алды. Табанымызды жерге тигізбей, Құрманғазы оркестрінің ұжымы қонақжайлылық білдіріп жатыр. Мұндай тосынсыйды күтпеген едік, алғысымыз шексіз. Сондай-ақ, жетекшіміз Салтанат Мақсотқызының еңбегін атап айтқым келеді. Ол кісінің бастамасымен екі бейнебаян түсіріп, шығармашылық коллаборацияны үлкен табыспен жүзеге асырып келеміз. Бұл біздің әр түрлі бағытқа дайын екенімізді көрсетіп отыр. Алда елордаға жол жүреміз. Астана көрермендері біздің өнерімізді жоғары бағалайды деп сенемін»