Алматыда TRADEX халықаралық форумы өтті
Алматыда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстанның сыртқы сауда палатасының қолдауымен сауда саласындағы басты шара – Tradex халықаралық форумы өтті.
Форум ұйымдастырушысы, Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиеваның айтуынша, форумның негізгі идеясы – халықаралық сауданы қолдау, халықаралық сауда ынтымақтастығын нығайту.
«Біз Tradex бірінші халықаралық сауда форумын осында өткізгіміз келеді, өйткені Алматы – Орта Азия өңірінің ірі іскерлік және қаржы орталығы саналады. Ұзақ уақыт бойы қала жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша лидер атанып, ел экономикасының бестен бір бөлігін құрайды», – деп атап өтті Ақеркін Ералиева.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Қазақстанның шикізат экспорты басым түскен оң сауда балансы барын, ал импортқа қайта өңделген және дайын тауарлар кіретінін атап өтті. Алайда, елдің ішкі құндылығын дамытпай, Қазақстан арзан шикізатты экспорттап, қымбат дайын өнімдерді импорттауды жалғастыратын болады, бұл импорттық инфляция проблемасын ушықтыруы мүмкін.
Рустам Жүрсінов бүкіл ұлттық экономиканың ресурстарын жұмылдыруға және барлық мүдделі тараптың күш-жігерін біріктіруге тиіс елішілік құндылықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұл шара импортқа тәуелділікті төмендетуге, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге және бағалардың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Спикер мұндай ынтымақтастықтың тиімділігі бизнес пен мемлекеттің тиісті бағыттарды дамытудағы бірлескен күш-жігеріне байланысты екенін атап өтті.
«Біз көптен бері сауда-саттық, сауда брендтері, маркалар, франшизаларды ілгерілетуге арналған осындай зәкірлі шараны құрғымыз келді. Өз тәжірибемізді, жаңалықтарды бөлісіп, ең бастысы – кооперация құруға балатын халықаралық алаңды көптен бері жоспарладық», – деді Қазақстанның сыртқы сауда палатасының төрағасы Аян Еренов.
TRADEX – алғашқы мамандандырылған іс-шара және серіктес іздеуге арналған бірегей алаң. Осы алаңда сауда саясатындағы тенденциялар туралы айтылып, сала сарапшыларынан практикалық ұсыныстар мен түсіндірмелер берді. Форумның негізгі тақырыптары сауда тенденциялары, логистика, электрон коммерция, франчайзинг салаларын қамтыды.
Форум барысында ҚХР Бас консулы Цзян Вэй елдердің тығыз ынтымақтастығына назар аударды.
«Бүгінгі форум қаржы институттары, логистика және көлік, электрон коммерция, инспекция, зияткерлік меншік және басқа да салалардың жетекші ұйымдарын біріктіреді. TRADEX – бұл халықаралық сауданы дамытуға арналған бірегей хаб және алаң», – деп атап өтті Цзян Вэй.
АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Мишел Еркін АҚШ Орта Азиядағы сауда мен интеграциялық күш-жігерді қолдайтынын атап өтті.
«Бұл үдеріс серіктестіктеріміздің тұрақты өсуінен көрінеді. Өткен жылмен салыстырғанда Қазақстанның АҚШ-қа экспорты шамамен 60%-ға, ал АҚШ-тың Қазақстанға экспорты 20%-дан астам өсті. Ынтымақтастық аясында Америка Құрама Штаттары мен оның Орта Азиядағы серіктестері жаһандағы проблемалардың өңірлік шешімдерін табуып жатыр», – деді Мишел Еркін.
Dasco Consulting Group компаниясының атқарушы серіктесі Дармен Сәдуақасов халықаралық қатынастарды нығайту және сауда саласын дамытуда халықаралық сауда форумының маңызын атап өтті.
«Сауда, сөзсіз, экономиканың жетекші саласы, көлемі бойынша ең ірі, жұмысшылар саны бойынша ең үлкен сектор. Бүгін біз Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктері, күрделі геосаяси жағдай аясында ынтымақтастық мәселесіне назар аударамыз», -– деді Дәрмен Сәдуақасов.
Спикер саладағы негізгі проблемаларды атады.
«Еңбекақының төмен деңгейі, сауда-саттықтағы көлеңкелі экономиканың жоғары деңгейі. Жалпы, ұйымдасқан сауданың деңгейі дамыған елдермен салыстырғанда төмен және бұл бөлікте дәстүрлі ұйымдасқан сауда форматтарынан алшақтау қажет. Сонымен қатар, электрон коммерция белсенді дамып келеді, көптеген адам маркетплейстердің тұтынушыларына айналды. Бұл бағыт бүгінгі форумның өзекті тақырыптарының бірі», – деп атап өтті Дәрмен Сәдуақасов.
Шара барысында Сауда форумының сас демеушісі – «Банк ЦентрКредит» АҚ кәсіпкерлер арасында сыйлықтардың 3 пакетін ойнатты. Әр пакетке Алматы қаласындағы Citix смарт-тақтасында жарнама орналастыру және компания туралы ақпаратты Instagram @bcc.business парақшасында жариялау, сонымен қатар банктің YouTube каналында жарияланатын визит ролик жасау кіреді.
Форум аясында бірқатар панельдік сессия ұйымдастырылды. Онда жетекші сарапшылар импорт, экспорт саласындағы негізгі үрдістерді айтып, практикалық кеңестер мен идеяларды талқылады, тәжірибелерін бөлісті. Сонымен қатар «KazFranch-2023» франчайзинг көрмесі өтті.
Іс-шара Алматы қаласындағы Мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, бас консулдықтардың өкілдері, ірі қазақстандық және шетелдік компаниялардың басшылары, оңтүстік астананың 500-ден астам кәсіпкерлерінің қатысуымен өтті.
2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мегаполисте тіркелген заңды тұлғалардың саны 149623 бірлікті құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,1%-ға көп көрсеткіш.
Анықтама: «Сауда» саласы бойынша нақты көлем индексі 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте 114,5%-ды құрады. 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте бөлшек сауда көлемі 4195 млрд. теңгені немесе 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекке қарай 106,5%-ды құрады (салыстырмалы бағада). 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте көтерме сауда көлемі 10713,8 млрд. теңгені немесе 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекке қарай 117,4%-ды құрады (салыстырмалы бағада).