Батыс Қазақстан облысының камералық оркестрі Ыстанбұл сахнасында өнер көрсетеді
Тәуелсіздік күні қарсаңында Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі Ыстанбұл қаласында мерекелік концерт өткізеді. Оркестр үшін биыл нағыз жемісті, қызықты әрі ерекше жыл болды. Биыл Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Астана және Алматы қалаларына гастрольдік сапармен барып, қос қаланың тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлап қайтты. Концерттік кештер аншлагпен өтіп, көрермендердің көңілдерінен шықты. Табысты жылдың аяғында оркестр бауырлас мемлекет Түркияға концерттік сапармен жолға шықты.
БҚО камералық оркестрінің директоры Салтанат Абулгазиева:
«Бұл біздің ұжымның шет мемлекетке алғашқы гастрольдік сапары. Сондықтан толқу басым, дегенмен қаны бір, жаны бір бауырлас елдің бізге құшағын айқара ашатынына сенім мол. Өйткені сонау ықылым заманнан Қазақ елі мен Түрік жұртының тарихы тамырлас, құндылығы ортақ, діні мен ділі бірдей. Қазірдің өзінде қос мемлекет арасында айрықша достық қарым-қатынас орнаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз «Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ынтымағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі»,– дегені бар. Басты мақсатымыз — Түркі әлемін өнер деген ұлы құдіреттің күшімен достыққа, ынтымаққа шақыру»
Мерекелік концерт 15 желтоқсанда Ыстамбұл қаласындағы Зейтінбұрны ауданының өнер орталығында өтеді.