Вашингтонда Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Вашингтонға сапары аясында АҚШ Сауда өкілі Кэтрин Таймен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында Министр ҚР жаңа Үкіметінің басымдықтары, сауда қатынастарының ағымдағы серпіні және өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.
М.Нұртілеу Қазақстан АҚШ-тың сенімді сауда серіктесі екенін атап өтіп, америкалық Сауда өкілін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
К.Тай Қазақстан экономикасының даму қарқынын жоғары бағалап, екіжақты ынтымақтастықты сындарлы тұрғыда қалыптастыруға бейілділігін атап өтті.
Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде еліміздің Құрама Штаттарымен өзара іс-қимылының жоғары деңгейіне, сондай-ақ аталған ұйымға өңір елдерінің кіру бойынша Қазақстанның күш-жігерін қолдауға ерекше назар аударылды.
Тараптар ҚР мен өңірдің транзиттік-көліктік байланысын дамыту бойынша жоғары әлеуетті атап өтті.
Бұдан басқа Қазақстан тарапының бастамасы бойынша Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы Сауда және инвестициялар жөніндегі негіздемелік келісім (TIFA) бойынша кеңестің алдағы отырысын Астана қаласында өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сұхбат соңында тараптар екіжақты және көпжақты форматта негізгі мәселелер бойынша диалогты жалғастыруға, сондай-ақ өңірлік жеткізу тізбегін нығайту үшін америкалық серіктестердің тәжірибесін қолдануға келісті.
Сонымен қатар сапар барысында ҚР СІМ басшысы америкалық «Wabtec» компаниясының басшылығымен кездесу өткізіп, оның барысында көлік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, Қазақстанда компанияның инженерлік орталығын ашу, сондай-ақ «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы бойынша оқитын студенттерге жұмыс тәжірибесін ұсыну перспективалары талқыланды.