«Қайырымдылық жәрмеңкесі» аясында бір миллионнан астам қаражат жиналды
ERG құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ қызметкерлері қазіргі тілмен айтқанда handmade, яғни қолдан жасалған бұйымдарды сатылымға қоятын ұжымдық «Қайырымдылық жәрмеңкесі» жобасын қорытындылады. Аталған жобадан 1,3 миллион теңге қаражат түскен. Қазхромдықтар жиналған ақшаны балаларының еміне қаражат қажет болған отбасыларға аударды.
Қазхромның қайырымдылық жәрмеңкесі осымен төртінші жыл өткізілді. Бірақ әлі күнге дейін маңызы зор, ниет білдіріп қатысқысы келетіндердің саны да артып келеді. Бұған жиналған сома дәлел бола алады.
– Кәсіпорнымызда қолөнермен айналысатын, сурет салып, түрлі материалдан ерекше бұйымдар жасайтын дарынды да ынталы адамдар көп. Олардың қолдан келген істі ақысыз көпшілікпен бөлісіп, жақсылыққа жұмылғандары көңіл қуантады. Осылайша компания қызметкерлері жәрмеңкеде зат сатып, болмаса ұнаған бұйымдарын сатып алу арқылы дәстүрлі жәрмеңкеге қатыса алды. Адамдарға көмектесуге деген шынайы ниет жақсы нәтиже беріп, жәрмеңке сәтті өтті, — деді «Қазхром» ТҰК» АҚ персонал және мәдениет жөніндегі директоры Нұргүл Нұрғалиева.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен «Қазхром» басқару аппаратының қызметкерлері бірігіп, сатылымнан түскен 591 мың теңгені әріптестерінің шотына аударды. Оның мүмкіндігі шектеулі үш баласы бар. Әрқайсысы емге, көмекке мұқтаж жандар.
Ал Ақсу ферроқорытпа зауытының металлургтері 440 мың теңгеден астам қаражат жинаған. «Қазмарганец» кен басқармасының ұжымымен бірігіп, жәрмеңкеге 90-нан аса жұмысты сатылымға қойды. Бұдан жиналған қаражат қазіргі таңда Түркиядан тексерістен өтіп жатқан Ақсу қаласының бір баласының еміне жұмсалды.
– Сурет болсын, металл, ағаш немесе былғарыдан туынды шығарғанды жақсы көремін. Әрқайсысы өзінше қызық. Сәтті шыққанына қуанамын. Бастысы, осы жұмыстарым қайтадан жәрмеңкенің бір бөлігіне айналып, сүйікті ісімнің пайдаға жарағанына қуаныштымын, — дейді Ақсу ферроқорытпа зауыты жөндеу-механикалық блогының электр газбен дәнекерлеушісі Руслан Сыздықов.
Былтыр ол сатылымға өз қолымен ағаштан жасаған домбыра мен қанжар шығарған болатын. Биыл да үлкен ағаш қылыш пен екі былғары картхолдер сатты.
Хромтаудағы жәрмеңкеге келер болсақ, шара санаулы минутта өте шықты. Мұндағы Дөң тау-кен байыту комбинаты қызметкерлерінің қолдан жасаған әсем сөмкесі, панно, хош иіс таратқыш, қуыршақтар мен жинақ сандықша және сатылымнан түспейтін жыл сайынғы этностильдегі әшекей-бұйымдар бір демде сатылып кетті. Жиналған қаржы – 275 мың 500 теңге. Әрине, бұл сома да бала еміне аударылды.
Айта кетейік, «Қайырымдылық жәрмеңкесі» ERG-дің «Наурыз – игі істер айы» корпоративтік акциясы аясындағы «Қазхром» компаниясы бастамаларының бірі ғана. Бұдан бөлек, кәсіпорын қызметкерлері көмекке мұқтаж зейнеткерлерге жәрдемдесіп, аулаларының қарын аршып, жалғыз тұратын қариялардың істен шыққан шам қосқыштарын жөндеп берген. Қамқорлыққа алынған аналардың жағдайын біліп, тіпті иесіз жануарлар үйіне де көмек көрсетіп, кәсіпорынның кәсіподақ ұйымымен бірге азық-түлік қораптарын жеткізу істерін де бір кісідей атқарып келеді.
– Кәсіпорынның әлеуметтік бағыттағы және қайырымдылық жобалары аз емес. Бірақ дәл қазір біз қызметкерлердің ықылас-ниетін, олардың бастамасы туралы айтып отырмыз. Біз әріптестерімізбен, олардың шебер қолдарын, жомарттығын мақтан тұтамыз. Мұндай жобаларды қолдауды сөзсіз жалғастырамыз, — деп ойын түйіндеді Нұргүл Нұрғалиева.