Абай облысының мектептері Республикалық қауіпсіздік оқу-жаттығуларына қатысады

Абай облысында «SAQ-2024» пилоттық жобасы биыл да жалғасады. Бұл бастама «Chevron» компаниясының, сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту және ҚР Төтенше жағдайлар министрліктерінің қолдауымен жүзеге асып келеді. Жоба елімізде қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және білім беру ұйымдарының төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл дағдыларын жетілдіруге бағытталған.

Биыл жобаның екінші кезеңі аясында Аягөз және Бесқарағай аудандарынан екі тәрбие ісі жөніндегі орынбасар мен екі алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі арнайы оқытудан өтті. Төрт күндік бағдарлама барысында қатысушылар әдістемелік материалдар, оқу-жаттығу құралдарын алды, мектептерде жобаны енгізу жоспарын әзірледі. Сондай-ақ волонтерлік топтар құру мен ата-аналарды тарту тәжірибесін талқылады.

Келесі кезең – алған білім мен тәжірибені практикада қолдану. Мұғалімдер өз мектептерінде қауіпсіздік сабақтарын өткізіп, материалдарын әріптестерімен бөліседі.

Еске сала кетейік, өткен жылы Семей қаласының №16 және №10 мектептерінің педагогтері Астана қаласында «SAQ-2024» жобасының алғашқы кезеңінен өтті, ал Шәкәрім атындағы №5, №22, №27 және №3 мектептердің мұғалімдері онлайн форматта оқудан өткен еді.

Жобаның басты ерекшелігі – қауіпсіздік дағдыларын оқытуда инновациялық әдістер мен цифрлық технологияларды пайдалану. Симуляциялық жаттығулар мен ойын элементтері арқылы оқыту тиімділігі артып, мұғалімдердің және оқушылардың төтенше жағдайларға дайындық деңгейі жоғарылайды.

Оқу жылының соңында жобаға қатысқан педагогтерге «SAQ қауіпсіздік офицері» атағы беріліп, олар өз мектептерінде қауіпсіздік мәдениетін дәріптеуді әрі қарай жалғастырады.

Абай облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі