Педагогикалық қауымдастыққа арналған «Абай тағылымы» журналының тұсаукесері өтті

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада Абай облысы білім басқармасының бастамасымен жарық көрген республикалық «Абай тағылымы» журналының салтанатты тұсаукесері өтті.

Іс-шараға қала зиялылары, ұстаздар мен оқушылар, мәдениет өкілдері және білім басқармасының мамандары қатысты.

Ардагер ұстаз Зейнолла Тоқаев ұлы Абайдың мұраларын терең танудың тәрбиелік мәніне тоқталды. Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков журналдың Семей топырағында дүниеге келген тарихи басылымдардың дәстүрін жалғастырып отырғанын атап өтті және басылым ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Сондай-ақ Халық ақындары орталығының жетекшісі Дәмеш Омарбаева, Абай облыстық ата-аналар қоғамы бірлестігінің төрағасы Аман Қапанұлы және Абай кітапханасының директоры, ақын Мерей Қарт жылы лебіздерін білдірді.

Абай облысы білім басқармасының Инновациялық-әдістемелік орталығының мамандары журналдың бас редакторы Раушан Нұғманбекова бастаған шығармашылық топты құттықтап, жаңа басылымның педагогикалық қауымдастық үшін маңызды әдістемелік алаңға айналарына сенім білдірді.

Жиында қала мектептерінің оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері өнер көрсетіп, Абай өлеңдерін жатқа оқыды.

Еске сала кетейік, «Абай тағылымы» — Абай облыстық білім басқармасының әдістемелік басылымы. Журнал білім саласындағы озат тәжірибелер мен ғылыми-әдістемелік мақалаларды, Абай мұрасын насихаттайтын материалдарды жариялауға бағытталған.
Басылымның бас редакторы — Раушан Нұғманбекова.

Абай облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі