Абай облысының мұғалімі сингапур еліне оқыту курсына шақырту алды

Сингапурда мұғалімдерге арналған «Дарынды балаларды дамытуға арналған Сингапур білім беру жүйесі» оқыту курсы өтуде. Курсты Қазақстаннан 19 мұғалім өтіп жатыр, олардың арасында Абай облысының мұғалімі де бар.  Мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының биология пәні мұғалімі Ерқанат Сәдуханов курсқа арнайы шақырту алды.  Сингапурдың Sauwat. Education білім беру старт — ап компаниясының негізін қалаушы, директоры Ахмет Ишмұхамедов демеушілік көрсетіп, Ерқанатты Сингапур бағдарламасына қатысуға шақырды.

Бағдарлама дарынды балаларға арналған академиялық оқу бағдарламасын жоспарлау, құрылымдау және әзірлеу, оқыту үшін технологияларды пайдалану сияқты модульдерді қамтиды.

Спикерлер — Сингапур Ұлттық білім институтының ғылыми зерттеушісі, профессор Лианг Си Тан, Sing-Ed Global Schoolhouse басқарушы директоры, профессор Тиам Сенг Ко.

Курс аясында курсанттар Сингапурдың ұлттық университеті мен дарынды балаларға арналған екі Сингапур мектебіне барады, сондай-ақ олар үшін Сингапурдың мәдени нысандарына экскурсия ұйымдастырылады.

«Мен Сингапурда біліктілігімді арттыруға мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Бұл ауылдық мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдер үшін жақсы мүмкіндік деп есептеймін. Еліміздің ауылдық мектептеріндегі басқа мұғалімдер үшін өз біліктіліктерін үнемі арттырып, таланттарын дамытуда мотивация береді», — дейді Ерқанаттың өзі. 

Курс 20-27 сәуір аралығында өтеді. Аяқталғаннан кейін халықаралық үлгідегі сертификат беріледі.

Еске салсақ, Ерқанат танымал әншілерге музыка жазумен айналысады. Жақында Абайлық музыкант британдық әнші Дуа Липаның жаңа альбомына музыка жазды.

Старт-ап компаниясының негізгі миссиясы — ауыл мектептеріне әлемнің кез келген нүктесінен сабақ беретін білікті онлайн мұғалімді табуға көмектесу. Енді Ерқанат оқушылары үшін биологиядан онлайн сабақты тікелей эфирде өткізуді жоспарлап отыр.

Курс ұйымдастырушылары — Қазақстан Республикасында балалар мен жастардың қабілеттері мен дарындылығын дамытуға және қолдауға бағытталған инновациялық білім беру жобаларын іске асыратын «Еl Umiti» қоры, «Sing-Ed Academy» Сингапур білім беру компаниясы.