Абай облысының оқушылары Республикалық балалар шығармашылығы фестиваліне іріктеу кезеңінде жүлделі орындарға ие болды

Абай облысының арнайы білім беру ұйым оқушылары «JULDYZAI-24» XIX Республикалық балалар шығармашылығы фестивалінде жүлделі орындарға ие болды. Республикалық кезеңге іріктеу онлайн форматта өтті.

№3 арнайы мектеп-интернаты оқушылары бірнеше жүлде иеленді. Атап айтқанда, І орынды «Вокал» номинациясы бойынша «Непоседы» вокалдық тобы, «Аспаптық орындау – ұжым» номинациясы бойынша «Сұлу саз» фольклорлық ансамблі, ІІ орынды «Аспаптық орындау – соло» номинациясы бойынша 6-сынып оқушысы Кәусар Тілекқызы, ІІІ орынды «Вокал-соло» номинациясы бойынша 7-сынып оқушысы Даулет Сымағұлұлы иеленді.

«Хореография – ұжым» номинациясы бойынша Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының хореографиялық дуэті ІІ орын және №4 арнайы мектеп-интернаты «Аққу» студиясы ІІІ орын алды.

Жеңімпаздар 1 маусым күні Астана қаласында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін Гала-концертке жолдама алды.

Айта кетейік, республикалық фестиваль жыл сайын өткізіледі. Оған 10 жастан 17 жасқа дейінгі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар қатысады. Биыл облыстық кезеңде 80–ге жуық қатысушы өнер көрсетті.