«Астана Операның» жетекші солисі Әнел Рүстемовадан сұлулық сабағы

Көктемнің келуімен көбіміз әдемі әрі жас көрінгіміз келеді. Әрдайым сымбатты болудың құпиясын балеринадан артық кім білсін? Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Астана Опера» балет труппасының жетекші солисі Әнел Рүстемова қазақстандықтарға жылдың кез келген мезгілінде құлпырып жүруге көмектесетін бірқатар сұлулық сабақтарымен бөлісті.

«Балет – бұл жақсы физикалық форма мен икемділікті талап ететін өнер. Біз күніне 8-9 сағат уақытымызды дайындық залдарында өткіземіз. Алайда, көпшілігіміз білетіндей, барлығында дерлік спортпен тұрақты түрде шұғылданатын мүмкіндік жоқ. Десек те, денені мінсіз қалпында сақтау үшін белсенді болып, тым болмаса аптасына бірнеше рет аз-кем жаттығулар кешенін жасап тұру қажет. Отырып тұру, пресс шығару және міндетті түрде еңкею тәрізді денені созуға арналған жаттығуларды орындаңыз. Бұл бұлшық еттегі күшті түсіруге көмектесіп, оларды одан сайын қатайтуға мүмкіндік береді. Мұндай жүктемені орындауға денсаулығыңыз жарамаса, онда жай ғана көбірек жаяу жүруге және серуендеуге тырысыңыз, оның үстіне далада жүруге қазір ауа райы да қолайлы.

Денсаулықты қадағалау дегеніміз – бұл дұрыс тамақтану, сау ұйқыны сақтау және көбірек демалу.

Айта кетейін, дұрыс тамақтану денсаулық пен сұлулықты сақтауда зор рөл атқарады. Мен жемістерге, көкөністерге, ақуыздарға және пайдалы майларға толы диетаны ұстаймын. Теріні, шаш пен тырнақты жақсы қалпында сақтау үшін дәрумендер мен минералдарды жеткілікті мөлшерде қабылдау маңызды.

Сіздермен қарапайым мәзірді бөлісейін. Ең әуелі, менің ойымша, аз мөлшерде, бірақ жиі-жиі тамақтану керек. Менің күнім бір стақан жылы судан, бір порция йогурттан басталады, сәлден соң бір шыныаяқ кофе ішемін. Мен жемістер мен көкөністерді жақсы көретіндіктен, олар менің тоңазытқышымда әрдайым тұрады. Түсте бір тілім етпен бірге сорпа ішуге тырысамын. Бұл асқазанның саулығы үшін маңызды. Тауық немесе сиыр еті тәрізді майсыз ет ағзаны темірге толтырып, қуат көзі ретінде қызмет атқарады. Алайда спектакль алдында міндетті түрде қарақұмық жеймін, одан адам толмайды, есесіне онда пайдалы дәрумендер көп және ол жақсы қорытылады. Нанға келетін болсақ, қара бидайдан жасалған нанды жегенді құп көремін, ол да В дәрумендер тобына бай. Аз-аздап барлығын да жеуге болады деп ойлаймын. Мәселен, мен өзіме бешбармақты жеуге рұқсат етемін, сондай-ақ ақылға қонымды мөлдерде шоколад жеуден де бас тартпаймын. Әдетте, кешке дейін 50 грамм шоколад жесем, бұл менің сымбатыма еш кедергі келтірмейді. Асқазанға салмақ түсірмес үшін және оны созып алмау үшін кешкі ас жеңіл болады: балғын көкөністерден дайындалған салат порциясын, суға піскен екі жұмыртқа мен балықты жегеннен асқазаныңызда ауырлықты сезінбейсіз. Шамалы ғана мөлшерде тұтынған кез келген тамақ пайдалы болады. Тойып тамақ жемеуге, ұннан жасалған өнімдерге (печенье, тоқаш) және тәттілерге әуес болмауға кеңес беремін.

Дегенмен сұлулық – бұл түр-әлпет қана емес, ол сондай-ақ ішкі жай-күй. Ішкі гармония мен өмірге деген оң көзқарас біздің сыртқы келбетімізде көрініс табатынына сенімдімін. Сондықтан өз-өзін дамытуға уақыт бөлу, жақсы кітаптарды оқу, зияткерлік фильмдерді қарау, айналадағы жандарға сабырлы болу, түсіністік пен жақсы қылық таныту маңызды. Ішкі әлемге жасалған қамқорлық тепе-теңдік пен әсемдікті кез келген жаста сақтауға көмектесетінін естен шығармаған абзал.

Мәселен, балерина мамандығын таңдай отырып, мен кішкентай кезімнен кербездікке, сымбаттылыққа үйрендім. Спортпен, балетпен айналысатын адамды көптің арасынан әрдайым байқап қалуға болады, өйткені жүріс-тұрысың, арқаны ұстауың, басты дұрыс ұстауың уақыт өте келе әдетке айналады. Бұл біздің мәдениеттің өкілі екенімізді білдіреді, себебі қоғам бізге белгілі бір үміт артады. Бойымдағы үндестікті сақтау үшін мен жағымсыз жаңалықтарды оқымайтын және атыс-шабыс фильмдерді көрмейтін болдым. Кейде өзіңді мақсатты түрде қатыгездіктен қорғау керек. Өз өмірімізді жасайтын мына біздер, сондықтан өмірді жақсы сүру өзімізге байланысты. Жан дүниемізді жақсылықпен толтырып, өзгеге жақсы сөзімізбен, егер қолдан келсе, ісімізбен де көмектесуіміз керек».

Осы сабақтардың барлығы сұлулықтың жан мен тән, ақыл арасындағы үндестік екенін айғақтайды. Осындай теңгерімді сақтағанда ғана шынайы құлпырып, жан дүниені нұрландыруға болады. Айтылған кеңестерге жүгініңіз, сонда сіз еш шүбәсіз өзіңізді күн сайын әдемі әрі сенімді сезінетін боласыз.