Абайтануға арналған көрме

Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында Алматы музейінде  «М.Әуезов үйі» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған «Абай – менің өмірлік тақырыбым» атты көрме ашылды.

Көрмеге М.Әуезов музей-үйінің қорында сақталған «Абай жолы» романының қолжазба нұсқалары, әр жылдардағы басылымдары, жазу машинкасы, шапандары, портреттері, марапаттары, жеке тұтынған заттары т.б. құнды жәдігерлер қойылған.

Көрменің тұсаукесерінде Алматы музейінің жетекшісі Кәмшат Жиеналиева, М.Әуезов музей-үйі ғылыми-зерттеу орталығының директоры Диар Қонаев, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет, Л.Н.Гумилев атындағы Еуроазия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің аға ғылыми қызметкері Әділғазы Қайырбеков сөз алып, Абайды тану, Абайдың зерттелуі, ұлы ақыннан қалған құнды мұралар туралы ой сабақтады.

Көрменің ашылуында Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова, Халықаралық Д.А.Қонаев атындағы қордың президенті Эльдар Қонаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы Нұрдәулет Ақыш, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Болат Үсенбаев, музей ісінің ардагерлері Ерболат Әуезов, Гүлнәр Құдабаева, Бақберген Тайшеев т.б. зиялы қауым өкілдері, музей қызметкерлері, қала қонақтары қатысты.

Назгүл АЛТАЕВА,

Алматы қаласы музейлер бірлестігі,

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің

әдеби-мемориалдық музей кешенінің

ғылыми бөлім жетекшісі