«Астана Опера» өтіп бара жатқан жылды қорытындылады

«Астана Опера» 2025 жылды таңғаларлық шығармашылық табыспен аяқтады. Осы жыл айтулы премьералар, маңызды гастрольдік сапарлар, халықаралық фестивальдер мен әртістердің жарқын жеңістері орын алған кезеңге айналды. Соның нәтижесінде «Астана Опера» сан алуан әлемдік алаңдарда аталды.

Жаңа кезеңнің басы наурызда директор Александр Совостьяновтың тағайындалуымен тұспа-тұс келді. Танымал театр қайраткері ұжымның жұмысына жаңа серпін берді. Көп ұзамай көктемде көрермендер «Опералия» халықаралық фестивалінің мазмұнды премьералық бағдарламасын тамашалады. Онда Ролан Петидің үш хореографиялық жауһары – «Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен» балеттері таныстырылды. Одан кейін Петр Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» ауқымды қойылымы ұсынылса, жылдың  қорытынды премьерасы Дж.Вердидің «Риголетто» операсы болды. 2025 жыл шетелдегі жетістікпен аяқталды: балет труппасы Лео Делибтің «Коппелиясын» керемет орындап,  Маскат Корольдік опера театрының сахнасын бағындырды.

Халықаралық ынтымақтастық осы жылдың негізгі тақырыптарының біріне айналды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Опералия» фестивалі Италия, Франция, Қытай, Моңғолия, Ресей мен Қазақстаннан әртістер қатысқан 30-дан астам шараны біріктірді. Бұл уақытта қазақстандық орындаушылардың әлемдік сахналардағы жетістіктері театрдың шығармашылық беделін нығайта түсті. Мұндай табыстардың қатарында жетекші солист Бақтияр Адамжанның көптеген халықаралық өнер көрсетуі, тенор Әлихан Зейнолланың Россинидің «Күлбикесіндегі» ханзада Дон Рамиро партиясында италиялық дебюті бар. Сондай-ақ Диас Құрманғазы Уфада Рудольф Нуреев атындағы фестивальге қатысты, ал Лейла Аламанова Россинидің «Реймске саяхат» спектакліндегі жұмысы үшін италиялық сыншылардың жоғары бағасына ие болды. Италияда театрды бірінші скрипка – оркестр концертмейстері Бағдат Әбілханов та ойдағыдай таныстырды.

Жас тенор Нұрсұлтан Әнуарбектің жетістігі де елеулі оқиғалардың қатарынан орын алды. Ол бірнеше кезеңнен тұрған күрделі іріктеуден өтіп, Үлкен театрдың Жастар опера бағдарламасының қатысушысы атанды. Мұндай табыстар «Астана Операның» халықаралық аренадағы беделін нығайтып, театр әртістері Қазақстаннан тыс жерлерде де танымал әрі бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді.

Гастроль тарихындағы жарқын парақтар Санкт-Петерборда өткен Dance Open фестивалімен де байланысты. Онда Еуропадағы ең ірі балет алаңдарының бірінде «Астана Опера» балет труппасының орындауында Ролан Петидің «Коппелиясы» ұсынылған еді.

Сонымен қатар театр елімізде халықаралық байланыстарды дамыту бойынша белсенді жұмыс атқарды. Үлкен зал мен К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахналарында Абайдың 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өтіп, Өзбекстан Ұлттық балетінің гастрольдері ұйымдастырылды, ал Румынияның «Мадригал – Марин Константин» хоры алғаш рет Қазақстанда, «Астана Операда» өнер көрсетті. Бұдан кем түспейтін тағы бір жарқын оқиға – «Бах және оның замандастары» барокко музыкасы фестивалі болды. Ол театр хорын, оркестрі мен солистерін біріктірген мазмұнды бағдарламамен ашылды.

Жылдың шығармашылық бояуын басқа да халықаралық жобалар толықтырды: Камералық залда «Корея музыкасы, билері мен әндері» концерті өтті, сондай-ақ өзге елдердің дәстүрі мен мәдениеті арқылы көрермендер мен орындаушыларды біріктірген эстон музыкасының концерті ұсынылды.

Бұл бастамалар жылдың жалпы көрінісімен үйлесімді жарасып, театрдың мәдени диалогты кеңейту әрі жаңа көрермендерді тарту мақсатында өз сахнасын қалай пайдаланатынын көрсетіп берді.

Премьералық және гастрольдік жобалармен қатар театр қызметінің маңызды бөлігі әлеуметтік миссия болып табылады. Сәуірде дамуында ерекшеліктері бар балалардың қатысуымен «Күн барлығына нұрын төгеді» жан тебірентерлік қайырымдылық концерті өтті. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай театр ардагерлерді құттықтап, естеліктері мен тағдырлары тарихтың бір бөлшегі саналатын жандарға көңіл бөлді.

2025 жыл әртістердің халықаралық байқаулардағы жеңістерімен де есте қалды. Жетекші солист Диас Құрманғазы мен хореограф Сұлтанбек Ғұмар Қытайдың Ляонин провинциясында өткен Бірінші халықаралық балет әртістерінің байқауында лауреат атанды. Олар «үздік орындаушы» және «үздік хореограф» номинацияларында лайықты марапаттармен оралды.

Осы ретте Сұлтанбек Ғұмардың қазақ балетіндегі жаңа хореографиялық өрнек іздеудегі талпынысы әлдеқашан өз жемісін беріп келе жатқанын айта кетуіміз керек. С.Ғұмардың премьераларын көрермендер әрдайым жылы қабылдайды, ал оның жұмыстары ұлттық сарындарды заманауи би формаларымен біріктірген танымал пластикалық поэтикасымен ерекшеленеді. Оның «Аңсау» премьералық нөмірі айрықша танымалдылыққа ие болды. Алғаш рет Қытайда таныстырылған қойылым қазақстандық көрермендерді эмоциялық тереңдігімен және мәнерлі хореографиясымен бірден баурап алды.

Eurasian Resources Group (ERG) жетекші халықаралық өнеркәсіптік компаниясының қолдауымен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қазақстан қалаларына гастрольдік сапарлар жоғарыда аталған оқиғалардан ауқымды болмаса, кем түспеді. Концерттер мен спектакльдер Ақтөбе, Хромтау, Рудный және Павлодар қалаларында өтті. Онда ересектер мен балаларға арналған бағдарламаларды шамамен жеті мыңға жуық адам тамашалады. Театр елордалық сахнадан тыс жерлерге шығатын дәстүрін жалғастырып, өз өнерін өңір тұрғындарымен бөлісті, зауыттарда өнер көрсетіп, музыкалық колледждерде шеберлік сабақтар берді.

Қорытындылай келе, 2025 жыл «Астана Опера» үшін қарқынды ілгерілеу кезеңіне айналды деуге болады. Жаңа қойылымдар, халықаралық танымалдылық, гастроль географиясының кеңеюі және әлеуметтік бастамалар мазмұнды шығармашылық келбетті қалыптастырды. Театр Жаңа жылды сенімді бағдармен және әлеуетпен қарсы алады. Оны алда жүзеге асыруға тиіс көптеген маңызды жобалар күтуде.