«Айбоз» Ұлттық Әдеби сыйлығына өтінім қабылдау жалғасуда
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына бүгінге дейін 64 өтінім келіп түсті. Оның ішінде «Үздік проза» номинациясына – 26 шығарма, «Үздік драма» – 2 өтінім, «Үздік поэзия» — 21, «Үздік әдеби сын» аталымы бойынша – 1 өтінім, «Үздік әдеби аударма» — 4, «Үздік балалар әдебиеті» — 8, «Үздік комикс» — 2 өтінім.
Еске сала кетсек, әдеби сыйлықтың жалпы жүлде қоры – 35 млн теңге. Әр номинацияға 5 млн теңгеден қарастырылған.
Үміткерлердің өтінімі 2023 жылғы 1 мамыр – 1 қыркүйек аралығында www.aiboz.kz сайты арқылы қабылданады. Әдеби сыйлық жыл соңында табысталады. Байқауға отандық қаламгерлер қатыса алады және үміткерлердің жас ерекшелігіне шектеу жоқ.
««Айбоз» – отандық қаламгерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету және ынталандыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыратын ұлттық әдеби сыйлық. Байқауға бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған шығармалар ғана қабылданады. Бұл қазақ әдебиетінің қоры 7 номинация бойынша жүздеген жаңа туындымен толығады деген сөз. Сондай-ақ қаламгерлер арасында бәсеке пайда болып, соның нәтижесінде оқырманға өзекті, қызықты әрі заманауи шығармалар жол тартады»,— деді ҚР МСМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет.
ҚР МСМ баспасөз қызметі