Цирк жұлдыздары ALMATY CIRCUS FESTIVAL фестивалінде бас қосты

Қазақстанда алғаш рет Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақ мемлекеттік циркінде ALMATY CIRCUS FESTIVAL I Халықаралық цирк өнері фестивалі өтті.

Алғашқы екі күн конкурстық бағдарлама ұсынылып, әділ қазылар үздіктерді анықтады. Қалған екі күні фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Фестиваль аясында шетелдік және отандық гимнасттар, акробаттар мен жонглерлер фестивальдің ең жоғары жүлдесін алу үшін өздерінің таланттары мен кәсіби шеберліктерін көрсетті.

Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов:

«Бұл фестиваль елімізде алғашқы рет ұйымдастырылды. Фестиваль әлемнің назарын цирк өнерін дамытуға, оның үздік жетістіктерін сақтауға, жаңа есімдерді таныстыруға, цирк дәстүрін әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік береді. 5 күн қатарынан өткен фестивальге 8 мыңға жуық көрермен келді. Бұл цирк өнерінің өз жанкүйерлері мен көрермені бар деген сөз. Болашақта олардың саны одан да көп болатынына сенімдемін»

Фестивальдің барлық бес күнінде әлемнің 14 елінен Қазақстан, Украина, Германия, Вьетнам, Эфиопия, Якутия, Беларусь, Ресей, Ұлыбритания, Литва, Чехия, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген цирк әртістері бір аренада өнер көрсетті.

Фестиваль өз мәресіне жетіп, Қазақ мемлекеттік циркінің аренасында өнер көрсеткен барлық әртістер жүлделермен марапатталды. Фестивальдің бас жүлдесі Гран-приді «Құрмет» орденінің иегері Қанатбек Күнғожиновтің жетекшілігімен өнер көрсеткен «Nomad» (Қазақстан, Алматы) тобының әртіс қыздары иеленді. Алтын жүлдені Вьетнам, Якутия және Ресей цирк әртістері өзара бөлісті. Күмісті Өзбекстан, Қазақстан және Вьетнам цирктері жеңіп алды. Қола жүлдені Германия, Беларусь, Тәжікстан және Литва әртсітері иеленді.

Акробатикалық жұп «Duo Irina & Veronika» Вероника Габелок, Ирина Назимова (Украина):

«Бұл біздің Қазақстанға алғашқы рет сапарымыз. Алматы көрермендері өте жақсы қарсы алды. Ерекше қошеметке бөленіп отырмыз. Басқа да елдерден келген әріптестермен жақынырақ танысып, тәжірибемен алмасудамыз. Біздің өнерімізді әділ қазылар жоғары бағалап, игі пікірлерін білдірді. Фестиваль қорытындысы бойынша Астана циркінің арнайы сыйымен марапатталдық. Біз үшін бұл үлкен жетістік!»

Шетелдік цирк өнерпаздары үшін  қосымша номинациялар бойынша арнайы сыйлықтар қарастырылды. Сонымен, Ресей, Вьетнам, Тәжікстан және Беларусьтан келгендер «Мамонтенок-2024» VII Халықаралық цирк өнері фестиваліне шақырулар алды, ал Литвадан келген әртіске Германиядағы «Winterzauber Event UG» Рождестволық цирк қойылымдарын ұйымдастыру жөніндегі компания директорының шақыру-келісімшарты берілді.

«Цирк манежі фестивальдің барлық қатысушылары мен қонақтары үшін достық қарым-қатынас және жаңа әртістермен танысу алаңына, елдер мен әртістер арасында перспективалы және жемісті жұмыс қатынастарын орнату мүмкіндігіне айналды. Бұл жыл сайын өткізілетін алғашқы фестиваль», — деп атап өтті фестивальдің қоюшы-режиссері, Удмурт Республикасының Халық әртісі және росгосцирктің бас режиссері Елена Петрикова.

Алматыда ALMATY CIRCUS FESTIVAL бағдарламасы 27 тамызға дейін жалғасады.