Александра Садуакасова ересектер арасында әлем чемпионы атанды

Әзербайжан астанасында өтіп жатқан нысана көздеуден 53-ші әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тағы 2 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Ауыспалы ритммен (баяу немесе жылдам) 10 метрден жылжымалы нысана көздеуде бас жүлде үшін талас соңғы сәтке дейін жүрді. Негізгі кезеңде 378 ұпаймен тең түскен қазақстандықтар – Зухра Ирназарова мен Александра Садуакасова екеуара алтынды сарапқа салды. Бұл жолғы финалда Александра мергендік танытып (19-13), чемпион атанды. Кешегі сында Зухра алтын, Александра күміс жүлдеге ие болды.

«Зухра мен Александра екеуі осы жаттығуда алтын және күміс медальдан жеңіп алды. Олардың нәтижесіне көңілім толады. Бәріміз мақтан тұтамыз. Әлем чемпионатының қарсаңында бұдан жоғары көрсеткіш болады деп топшылағанмын. Алайда бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Аз-кем үзілістен соң алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындықты бастаймыз», — деп айтты Наталья Юнусметова Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Қазір Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдемен жалпы есепте 9-орынға көтерілді. Бірнеше күн бұрын стенд атудың трап бағдарламадасында Мария Дмитриенко мен Даниил Почивалов (микст) үздік үштікті түйіндеген. Бакудағы бәсеке 1 қыркүйекте мәресіне жетеді. Тамыздың ортасынан бастап мұнда 101 мемлекеттен келген 1250 спортшы сынға түсті. Келесі жылы өтетін Париж Олимпиадасының 48 жолдамасы сарапқа салынды. Қазақстан құрамасы сапынан Ислам Сатпаев олимпия ойындарының лицензиясын жеңіп алды.