Алматы облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ 30-дан астам шалғай ауылдарды аралап шықты

Алматы облысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мобильді тобы іске қосылды. Топқа еріктілер, мемлекеттік органдар мен құрылымдардың өкілдері кірді. Бүгінгі таңда мобильді топ 30-дан астам елді мекенді аралап шықты.

Мобильді топқа барлығы 1250-ге жуық адам 570-тен астам сұрақпен келген. Оның ішінде 110-ға жуық мәселе медиативтік жолмен сәтті шешілді, бұл диалог пен қоғаммен өзара іс-қимылдың тиімділігін көрсетеді. Сондай-ақ, өтініш білдіргендер құқықтық және заңнамалық мәселелер бойынша 200-ге жуық кеңес алды.

Топтың кездесулері жергілікті тұрғындар көп жиналатын жерлерде өтті, бұл азаматтарды барынша қамтуға ықпал етті. Өтініш білдіргендердің негізгі мәселелері жұмысқа орналасу, республикалық және жергілікті жолдардың жай-күйі, елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, тұрғын үйлер мен коммерциялық объектілерді газдандыру, сот даулары, заң консультациялары, мемлекеттен жеңілдіктер мен субсидиялар алу туралы болды.

«Бұл бастаманың басты артықшылықтарының бірі тікелей орындаушыларды проблемалық мәселелерді шешуге белсенді тарту, сондай-ақ халықтың неғұрлым өткір проблемаларына жедел және тиімді ден қою болып табылады. Мұндай жобалар азаматтардың өтініш беру рәсімін едәуір жеңілдетіп, оларға билік органдарымен ыңғайлы және қолжетімді байланыс арналарын ұсына отырып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді», — деп атап өтті Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Серік Орымбетов.

Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес азаматтардың, билік пен қоғамдық ұйымдардың белсенді қатысуымен ғана мүмкін болады.