Алматыда Чарли Чаплиннің «Үлкен қаланың оттары» фильмі бірегей форматта көрсетіледі

4 және 5 сәуірде Алматы тұрғындары мен қонақтары ерекше оқиғаның куәсі болады. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында Чарли Чаплиннің «Үлкен қаланың оттары» (City Lights) атты шедевр туындысы бірегей форматта көрсетіледі.

Әлемдік кинематографтың шыңы деп танылған бұл фильм Қанат Омаровтың жетекшілігімен ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен ұсынылады. Кеш тізгінін белгілі кинотанушы Олег Борецкий ұстайды.

Үнсіз кинодан дыбысты киноға өту кезеңінде жарық көрген бұл туынды Чаплиннің пантомима тіліне адалдығын сақтап, лирикалық комедияны тұтас бір тарихи дәуірмен қоштасудың символына айналдырған айтулы еңбегі болды. Симфониялық оркестрдің орындауындағы музыка классикалық туындыға жаңа дем беріп, сюжеттің драматургиясын шебер шыңдай түседі және көрермендерге үнсіз киноның сиқырлы атмосферасына толықтай енуге мүмкіндік береді.



