ЦУР 16 аясында: болашақ заңгерлермен прокуратураның ашық диалогы

БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының 16-мақсаты – «Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар» аясында жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыру ерекше маңызға ие.

Осы тұрғыда 2026 жылғы 26 наурызда Жетісу ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Мұхамбет Әнел Ардаққызы Нархоз университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің «Құқықтану» мамандығы 3 курс студенттеріне дәріс өткізді.

Іс-шара «Құқық қорғау органдары және прокурорлық қадағалау» пәні аясында ұйымдастырылып, студенттердің теориялық білімін тереңдету мен прокуратураның мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін тәжірибелік тұрғыда түсіндіруге бағытталды.

Ашық диалог форматында өткен кездесу барысында студенттер белсенді қатысып, өз сұрақтарын қойып, нақты кәсіби тәжірибеге негізделген мазмұнды жауаптар алды.

Мұхамбет Әнел Ардаққызы прокуратура органдары қызметінің негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндіріп, заңдылықтың сақталуын қадағалау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру функцияларына ерекше тоқталды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік процестердің ашықтығын қамтамасыз ету және әділеттілік қағидаттарын нығайту мәселелері қарастырылды. Бұл басымдықтар тікелей ЦУР 16 мақсатына сәйкес келеді.

Дәрістің жеке бір бөлігі прокуратура органдарына қызметке орналасу мәселесіне арналды. Студенттерге үміткерлерге қойылатын талаптар, конкурстық іріктеу кезеңдері, сондай-ақ болашақ прокурордың кәсіби даярлығы мен жеке қасиеттерінің маңызы түсіндірілді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында білім алу мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді. Бұл мекеме құқық қорғау жүйесіне кадрлар даярлайтын негізгі білім және ғылыми орталық екені атап өтілді.

Дәріс барысында прокуратура қызметінен алынған нақты практикалық мысалдар келтіріліп, студенттерге мамандықтың ерекшелігі, жауапкершілігі мен қоғам үшін маңызы тереңірек түсіндірілді. Спикер кәсіби этика, принципшілдік, стресс-төзімділік және үздіксіз өзін-өзі дамыту сияқты қасиеттердің маңызын ерекше атап өтті.

Мұндай іс-шаралар білім беру ортасы мен тәжірибенің байланысын нығайтып, болашақ заңгерлердің кәсіби бағдарын айқындауға және заңға қызмет етуге деген ынтасын арттыруға ықпал етеді.

Мұхамбет Әнел Ардаққызының дәрісі мемлекеттік органдар мен академиялық қауымдастық арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың жарқын үлгісі болып, құқықтық ағарту, кәсіби диалог және тәжірибе алмасу арқылы мықты институттар қалыптастыруға және құқықтық мемлекеттің тұрақты дамуына қол жеткізуге болатынын дәлелдеді.

Нархоз Университетінің

құқық және мемлекеттік басқару

Мектебінің профессоры, з.ғ.к.

Мухамадиева Г.Н.