«Астана Опера» тәжірибе алмасады

«Астана Опера» делегациясы 20-25 тамызда Санкт-Петерборда өтетін «Академиялық өнер достастығы» халықаралық фестиваль-симпозиумына қатысады. Опера әншісі Ирина Богачеваның қайырымдылық қоры ұйымдастырып жатқан жобаға Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан және басқа да мемлекеттерден мәдениет пен өнер салаларының өкілдері қатысады деп жоспарлануда.
Ұйымдастырушылар мәртебелі мейман ретінде шараға «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяровты шақырды. Театрдың опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Азамат Жылтыркөзов «Өнер достастығы» ғылыми форумында баяндама жасайды. Театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова 24 тамызда Санкт-Петербордың Мемлекеттік академиялық Капелласында ТМД елдері опера жұлдыздарының ғаламат гала-концертінде симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен сахнаға шығады.
– Мәдени өзара алмасу – осы заманғы өркениет дамуының маңызды бөлігі, халық дипломатиясының сүбелі элементі. «Астана Опера» еліміздің театр өнерінің флагманы бола отырып, Қазақстанды көптеген шетелдік алаңдарда таныстырады. Театрдың жоғары деңгейі – бүкіл ұжымның қажырлы еңбегінің нәтижесі, сондықтан біз өз жетістіктерімізбен шетелдік әріптестерімізбен мақтанышпен бөлісеміз, – деп атап өтті Ғалым Ахмедьяров.
Фестиваль-симпозиумға қатысуға ТМД елдерінің ұлттық опера және консерватория, ұлттық ғылым және өнер академияларының өкілдері, Достастық елдерінің басқа да ғылым және мәдени зиялы қауым өкілдері шақырылды.
Ірі мәдени шараның өтетін орны кездейсоқ таңдап алынған жоқ, неге десеңіздер 2023 жылы Санкт-Петербор ТМД-ның мәдени астанасы болып жарияланған болатын. Фестиваль аясында ғылыми конференциялар өтіп, онда музыка мен сурет өнерінің академиялық түрлерінің қалыптасу тарихына қатысты өзекті тақырыптар көтеріледі, сондай-ақ Өнер академиясының музейінде бейнелеу өнері көрмесінің ашылуы өтеді.
Шараның бастамашысы болған және оны ұйымдастырған КСРО Халық әртісі Ирина Богачеваның «Арт-Петербор» қайырымдылық қоры дарынды жас музыканттарға әлеуеттерін ашуда қол ұшын беруді мақсат етеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Академиялық өнер достастығы» халықаралық фестиваль-симпозиумы Достастық елдерінің жас мәдениет қайраткерлеріне көрнекті өнер шеберлерімен кездесуге бірегей алаң болып табылады және ол маңызды идеяларды талқылауға, түрлі елдер өкілдері арасында кәсіби диалог құруға ықпал етеді.