ERG EduNavigator-ды мемлекет меншігіне өткізді

Eurasian Resources Group-тің (ERG) еншілес кәсіпорны – BTS Education жасөспірімдерді кәсіби бағдарлауға септесер инновациялы EduNavigator тұрғырнамасын мемлекет меншігіне тегін өткізді. Бұл бастама түлектердің өмірлік кәсібін дұрыс таңдап, олардың потенциалын барынша ашуға ықпал етер мемлекеттік бағдарламаны қызу қолдау үшін әзірлеген болатын.
Бүгінде мектеп оқушылары, студенттер мен жұмыссыз жастарды кәсіби бағдарлау өзекті мәселенің бірі. Сондықтан, әлеуметтік жауапты компания ретінде ERG білім беру экожүйесінің дамуына септесіп, инновациялы ақпараттық өнім әзірлеуге инвестиция құйған. Енді осы дайын өнімді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне тапсырды.
Бастама қолға алынғалы бері EduNavigator тұрғырнамасында еліміздің 529 мектебінде білім алып жүрген 140 мың болашақ талапкер кәсіби бағдарлау тестін тапсырып, келешек бағыттары мен өздерінің жеке қабілеттерін білді. Тұғырнама базасы 700 университет пен колледждер, экономиканың әр саласындағы 458 кәсіп пен болашақта сұранысқа ие болар 308 мамандықты қамтиды.
Аталған тұғырнама Голланд әдістемесін пайдалана отырып, тұлғаның жеке кәсіби типін айқындап, тек өз икеміне сай келетін жекелеген ұсыныстар береді. Өзінің қызығушылығына қарай университеттер мен білім беру бағдарламалармен таныса алады. Одан бөлек, еңбек нарығына қатысты терең талдау мен үміткер таңдаған саладағы қызмет сатысында өрлеу мүмкіндіктері ұсынылады. Сайып келгенде осының бәрі жастардың кәсіби даму жолына сәтті түсуіне септесуі тиіс.
– Біздің өнімнің инновациялық ерекшілігі – алуан түрлі кәсіптер, оқу орындары мен кәсіпорындар туралы мәліметтер қорын бір ортаға тоғыстырғаны,- деді «BTS Education» компаниясының жетекшісі Дастан Аспан. – Құрал толық автоматтандырылған. Ондағы жекелеген қабілеттерді бағалау мен талдау мүмкіндіктері тек түлектердің өздері ғана емес, мектеп, колледждер мен университеттердегі кәсіби бағдарлау мамандары, қызмет сатысын жоспарлайтын кеңесшілер, адам ресустарын басқару саласының сарапшыларына да тиімді. Бұл біздің елдегі кадрлық резервті дамытуға, жастарды сәтті де табысты қызмет жолына бағдарлауға қосқан үлесіміз.
EduNavigator төмендегі өзекті түйткілдерді шешуге септеседі:
Жастардың жеке қызығушылығы мен еңбек нарығындағы динамканы ескере отырып, кәсіби бағдарлаудың әдіс-тәсілдерін жаңғарту.
Түлектердің бойында бар дарын мен қабілеттерін ескере отырып, оларды даму мүмкіндіктері және қызмет бағыттары туралы хабардар ету.
Өмірлік кәсіпті кездейсоқ таңдаудан арылтып, қызмет сатысындағы өрлеу жолын жүйелендіреді.
Тұрғындардың белсенділігін арттырып, мансабын табысты дамытып, сол арқылы әл-ауқатын арттыруына септеседі.