Астанада Lakshminarayana Global Music Festival 2026 фестиваліне арналған баспасөз конференциясы өтті

Астана қаласындағы Астана филармониясының Үлкен залында Үндістанның Астанадағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Lakshminarayana Global Music Festival (LGMF) 2026 халықаралық музыка фестиваліне арналған баспасөз конференциясы өтті.

Іс-шараға Үндістанның Астанадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тангал мырза, фестивальдің негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі, Padma Vibhushan сыйлығының иегері, әлемге әйгілі скрипка виртуозы доктор Л. Субраманиам, Padma Shri сыйлығының иегері, Үндістанның танымал әншісі Кавита Кришнамурти Субраманиам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Астана филармониясының симфониялық оркестрінің негізін қалаушы және бас дирижері маэстро Абзал Мухитдин қатысты.

Баспасөз конференциясы барысында Елші мырза Тангал Үндістан мен Қазақстан арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени байланыстарға тоқталып, үнді және қазақстандық маэстролардың шығармашылық үндестігі екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықпал ететінін тілге тиек етті.

Брифингтің басты тақырыбы – LGMF 2026 фестивалі аясындағы Қазақстан елінің өнерпаздарының қатысуы. Алғаш рет Үндістан сахналарында қазақстандық симфониялық оркестр, камералық хор және кәсіби балет труппасы бірлескен ауқымды бағдарламамен өнер көрсететіні белгілі. Бұл жоба Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындайды.

Фестивальдің екінші кезеңі 2026 жылғы 16–25 қаңтар аралығында өтіп, Үндістанның Нью-Дели, Чандигарх, Калькутта, Ченнай және Бангалор қалаларын қамтиды. Фестиваль аясында доктор Л. Субраманиамның көне санскрит шлокаларына негізделген, тоғыз аспан денесіне арналған «Navagraha Symphony» симфониясының Үндістандағы тұсаукесері өтетіні хабарланды.

Қазақстан тарапынан фестивальге маэстро Абзал Мухитдин жетекшілік ететін Астана филармониясының симфониялық оркестрі, Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақстан камералық хоры және «Gakku» би ансамблі қатысады. Олар үнді көрерменіне қазақ музыкалық және хореографиялық өнерінің бай мұрасын таныстырады.

1992 жылы негізі қаланған Lakshminarayana Global Music Festival осы уақытқа дейін бес құрлықтағы 75-тен астам қалада, 30-дан аса елде өткен. Фестиваль үнді классикалық музыкасын дәріптей отырып, халықаралық мәдени диалогты дамытуға бағытталған.

Үндістанның Астанадағы Елшілігі бұл баспасөз конференциясын Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтатын маңызды оқиға ретінде бағалап, фестиваль аясындағы бірлескен жобалардың екі ел арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталғанына ерекше көңіл бөлді.