Астанада РЭС-2026 қорытындылды: Орталық Азия экологиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне өтті

Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит (РЭС-2026) Орталық Азия елдері үшін экология, климат және тұрақты даму саласындағы стратегиялық бағыттарды айқындаған маңызды алаңға айналды. 22–24 сәуір аралығында өткен халықаралық форумға үкіметтер, халықаралық ұйымдар, даму институттары, бизнес және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысып, жалпы саны мыңдаған сарапшы мен делегатты біріктірді . Саммиттің басты мақсаты – өңірдің тұрақты болашағына ортақ көзқарас қалыптастыру болды.

Мемлекет басшысы Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында сөз сөйледі

Саммит қорытындысы Орталық Азия елдерінің экологиялық күн тәртібінде сапалы бетбұрыс болғанын көрсетті. Егер бұған дейін негізгі назар декларациялар мен стратегияларға аударылса, бүгінде мемлекеттер нақты жобалар мен өңірлік механизмдерді іске асыруға көшті. Бұл әсіресе жердің деградациясы, климаттың өзгеруі және су ресурстарының тапшылығы сияқты ортақ сын-қатерлер жағдайында өзекті.

Форум аясында мемлекеттер экология және тұрақты даму саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен декларация қабылдап, биоалуантүрлілікті сақтау мен табиғи ресурстарды басқару бойынша бірқатар келісімдерге қол қойды . Сонымен қатар, 2026–2030 жылдарға арналған өңірлік экологиялық бастамаларды іске асыруға бағытталған бағдарламалық тәсілдер ұсынылып, инвестициялық портфель қалыптастыру мәселелері талқыланды.

РЭС-2026 шеңберінде өткен тақырыптық сессиялар нақты нәтижелерге бағытталды. Атап айтқанда, трансшекаралық ландшафттарды қалпына келтіру, жасыл энергетика, су ресурстарын басқару және климатқа бейімделу мәселелері кеңінен қарастырылды. Энергетика саласында да өңірлік ынтымақтастықты күшейту, таза энергия көздерін дамыту және инновацияларды енгізу бойынша ұсыныстар айтылды.

ЦАКИК-2026 пленарлық сессиясы Орталық Азияда климаттық міндеттемелерден нақты іске көшу қажеттігін айқындайды

Маңызды бағыттардың бірі – цифрландыру. Қатысушылар экологиялық мониторинг, деректер алмасу және шешім қабылдау процестерін жетілдіру үшін бірыңғай цифрлық платформалар құру қажеттігін атап өтті. Бұл тек ұлттық деңгейдегі жүйелерді біріктіру емес, сонымен қатар бүкіл Орталық Азия бойынша табиғи ресурстарды басқарудың ортақ цифрлық архитектурасын қалыптастыруды көздейді. Атап айтқанда, жердің деградациясы, су ресурстары және орман қоры бойынша өңірлік деректер базасын синхрондау, сондай-ақ климаттық тәуекелдерге қатысты ерте ескерту жүйелерін енгізу басым бағыт ретінде белгіленді.

Бұл үдерісте Дүниежүзілік банк қолдауымен жүзеге асырылып жатқан RESILAND CA+ бағдарламасы негізгі құралдардың біріне айналды. Бағдарлама тек экожүйелерді қалпына келтірумен шектелмей, өңірлік кооперацияны күшейтуге, ұлттық саясаттарды үйлестіруге және инвестицияларды тартуға бағытталған. Қазіргі таңда жоба аясында жүздеген мың гектар жер қамтылып, жайылымдарды басқару, агролес шаруашылығы, су үнемдеу технологиялары және орман отырғызу бойынша нақты нәтижелер көрсетілуде. Алдағы кезеңде бұл тәжірибені Қазақстанды қоса алғанда, барлық Орталық Азия елдеріне кеңейту жоспарланып отыр.

Орталық Азиядағы климаттық күн тәртібінде Орталық Азия климаттық конференциясы (ЦАКИК) да маңызды рөл атқаруда. РЭС-2026 осы алаңмен тығыз байланысты өтіп, өңір елдерінің ұлттық климаттық міндеттемелерін (NDC 3.0) іске асыру мәселелерін нақты жобалармен ұштастыруға мүмкіндік берді. Сарапшылардың пікірінше, ЦАКИК форматы саясат пен практиканың арасындағы алшақтықты қысқартып, ғылыми деректерді, қаржыландыру тетіктерін және өңірлік бастамаларды біріктіретін тиімді платформаға айналып отыр.

Сондай-ақ, халықаралық қаржы институттарының қатысуы өңірлік жобалардың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік беруде. Дүниежүзілік банкпен қатар, басқа да донорлар мен климаттық қорлар Орталық Азиядағы «жасыл» жобаларға инвестиция құюды арттыруда. Бұл өз кезегінде жеке сектордың қатысуын ынталандырып, экологиялық бастамаларды экономикалық тұрғыдан тартымды етуге жол ашады. Нәтижесінде, экология мәселелері тек табиғатты қорғау шеңберінен шығып, өңірдің экономикалық дамуының жаңа драйверіне айналып келеді.

Сарапшылардың пікірінше, РЭС-2026 мен ЦАКИК алаңдарының синергиясы Орталық Азия үшін жаңа мүмкіндіктер терезесін ашты. Егер бұрын елдер экологиялық мәселелерді жеке-жеке шешуге тырысса, бүгінде бірлескен жобалар мен өңірлік саясат басымдыққа ие болуда. Бұл тәсіл табиғи ресурстарды тиімді басқаруға, климаттық тәуекелдерді азайтуға және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, Астанада өткен саммит Орталық Азияның экологиялық трансформациясының нақты кезеңі басталғанын көрсетті. Дүниежүзілік банк жобалары, RESILAND CA+ бағдарламасы және ЦАКИК сияқты өңірлік бастамалар бұл үдерістің институционалдық негізін қалыптастырып отыр. Ендігі міндет қол жеткізілген келісімдерді нақты нәтижелерге жеткізіп, Орталық Азияны климатқа төзімді әрі экологиялық тұрғыдан тұрақты өңірге айналдыру.

Ғазиза Ұзақ

Астана қаласы