Биыл Жамбыл облысында 9 мәдени және 14 спорт нысаны салынады
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Жамбыл облысының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Жиынға мәдениет, спорт және туризм салаларының қызметкерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, атақты спортшылар, қоғам белсенділері, журналистер, туризм саласындағы кәсіпкерлер мен өңірдің аудандарынан келген азаматтар жиналды.
Асхат Оралов кездесуді министрліктің қол жеткізген нәтижелері мен алдағы жоспарлары туралы баяндамадан бастады. Мәселен, 2023 жылы Жамбыл облысында 14 мәдениет нысаны салынады. Оның 9-ы биыл, 5-і келесі жылдың басында дайын болады. Қазіргі таңда 23 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның 14-і биыл аяқталады.
Екі сағатқа созылған есеп беру кездесуінен кейін министр жеке қабылдау өткізді. Онда азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, олардың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.
Жамбыл облысының тұрғындары музей ғимараттарын кеңейту және жаңғырту, жазушылардың қаламақсын ұлғайту, Таразда республикалық кітап жәрмеңкесін, театр және поэзия фестивалін өткізу, музыкалық колледждерді қолдау, театрларға жарық бойынша суретшілер мен басқа да сұранысқа ие мамандарды даярлау, сурдоспортшыларға тереңдетілген медициналық қызмет көрсету үшін заманауи жабдықтар сатып алу, инклюзивті кітапханаға жаңа үй-жайлар сияқты тақырыптарды қозғады. Сондай-ақ Талас құрылтайының 755 жылдығына арналған туристік іс-шаралар, «Көне Тараз» кешенінің аумағында қазба жұмыстарын қайта бастау, «Ордабасы» командалық спорттық ойынына аккредиттеу және «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңды пысықтау туралы да ұсыныс-пікірлер айтылды.
«Жамбыл облысының тұрғындарына жылы қабылдауы мен азаматтық белсенділігі үшін шын жүректен алғыс айтамын. Барлық айтылған ұсыныстарды жазып алып, түйіткілді сұрақтарды – құзыретіне қарай министрлік пен әкімдіктің бақылауына алдым», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Халықпен есептік кездесуден кейін Асхат Оралов өңірдің шалғай аудандарын аралап, Тараз қаласында VI жазғы спартакиаданың ашылуына қатысты.
ҚР МСМ Баспасөз қызметі