ERG Ақсу қара металлургия колледжіне химиялық талдау зертханасын алуға қаржы бөлді

Ақсу қара металлургия колледжінің оқу-өндірістік паркі заманауи жабдықтармен толықты. ERG мен Павлодар облысы әкімдігі арасындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру туралы меморандум аясында «Қазхром» ТҰК» АҚ маман даярлауға арналған химиялық талдау зертханасын сатып алуға қаржы бөлді.

Ақсу қара металлургия колледжінде металлургия және химиялық талдау зертханасы салтанатты түрде ашылды. Екі кең кабинет студенттердің игілігіне берілген. Біріншісі теориялық білім алуға арналған, ал екіншісінде тәжірибе жүргізіледі. Екеуінде де заманауи құрылғылар: интерактивті панель, тегістегіш-жылтыратқыш станок, микроскоптар, кептіру шкафтары, химиялық реактивтерге арналған аспаптар жиынтығы, 3D принтерлер мен басқа да жабдықтар орнатылған.

Осының бәрі «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты мен оқу ордасы арасындағы әлеуметтік бағдарламасы аясында сатып алынды, бұл мақсатқа компания 30 млн теңге бағыттады.

 Ақсу ферроқорытпа зауыты орталық зауыт зертханасының бастығы Лариса Саланова: «2022 жылы Ақсу қара металлургия колледжінің базасында заманауи зертхана құру туралы шешім қабылданды. Бұл Ақсу ферроқорытпа зауытындағы химиялық талдау зертханашыларының тапшылы5ынан туындады. Бізге оқудан өткен мамандар қажет. Жаңа зертхананың арқасында оқытушылар студенттерге толыққанды білім бере алады. Өз кезегінде біз олар үшін тәжірибелік сабақтар өткіземіз»

Ақсу ферроқорытпа зауыты үшін аталған колледж – жұмысшы мамандарды даярлайтын негізгі оқу орны. 2009 жылдан бері зауыт пен оқу ордасы арасында әлеуметтік әріптестік бағдарламасы жүзеге асып келеді. Жыл сайын колледждің материалдық-техникалық базасын жақсартуға қаржылай демеу жасалып жүр.

Ақсу қара металлургия колледжінің директоры Қайыржан Кәрімов: «Колледж құрылғалы қала құраушы кәсіпорын үшін сұранысқа ие мамандарды даярлап келеді. Ұзақ жылдар бойы колледж студенттері Ақсу ферроқорытпа зауытында өндірістік тәжірибеден өтіп, теориялық білімдерін жетілдіріп жүр. Бүгінде 12 мамандық бойынша 542 студентті оқытып жатырмыз, көп ұзамай химиялық талдау зертханашысы мамандығы қосылады»

Айта кетейік, Меморандум аясында «Қазхром» компаниясының қаражатына Ақсу қара металлургия колледжінде көше спорт кешені салынды. Сондай-ақ, бұған дейін колледждің оқу сыныптары мен өндірістік шеберханаларында заманауи станоктар, интерактивті жаттығу құрылғылары және 3D модульдер орнатылды.