ERG кәсіпорындарының қызметкерлері еселі еңбегімен мемлекеттік наградаларға ие болды

Республика күніне орай Қазақстан Республикасы президентінің Жарлығымен ERG кәсіпорындарының бірқатар қызметкерлері «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Бұл марапат ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайту қамында өндірісте айрықша жетістерге қол жеткізген үздік мамандарға табыс етіледі.

Ақордада Республика күніне орайластырылған салтанатта Мемлекет басшысы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ «Шығыс» кенішінің аршылым және аршу жұмыстары учаскесінің тау-кен мастері Дәурен Мағауинді марапаттады. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алды.

Дәурен Қабылбекұлының «Шығыс» кенішінде еңбек етіп жүргеніне биыл – 20 жыл. Ол қызметін бұрғылау жабдықтары машистінің көмекшісі болып бастап, бүгінде аршылым цехының тау-кен мастеріне дейін өскен.

– Алдымен маған сенім артып, сосын еткен еңбегімді елеп, жоғары бағалаған кеніштегі тікелей басшыларыма, ERG компаниясының басшылығына, Мемлекет басшысына алғыс айтқым келеді. Алдағы уақытта да еліміздің көмір өндіру өнеркәсібін дамыту қамында табанды еңбек етуге уәде беремін!.

«ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясының қызметкерлері – электр цехының басшысы Юрий Бай,  слесарь-жөдеуші Боранбай Абдрахманов пен жүргізуші Дүйсен Сейітқалиевтер ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

– Менің осы өңірдің электр энергетика саласын дамытуға қосқан үлесімді облыс пен кәсіпорын басшылығы жоғары бағалағанына ерекше қуаныштымын. Электр станциясына осыдан 31 жыл бұрын жұмыста тұрдым. Жұмысты кезекші электр монтерліктен бастап, түрлі қызметтерде шыңдалып, өндірістегі барлық процестерді түбегейлі зерттеп, меңгере келе цех басшысы лауазымына дейін өскенімді мақтан тұтамын,- деді энергетиктер әулетінің сара жолын жалғастырып келе жатқан Юрий Бай. Оның осы жолға түсіне «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясында автоматты отын беру ісін жауаптанған әкесі ықпал еткен.

«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлері – жылу цехының басшысы Талғат Амиров пен №2 ферроқорытпа цехының балқытушысы  Александр Резник III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Наградаларды Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов тапсырды.

  – Ұлттық мереке қарсаңында марапат алғаныма қатты қуанып тұрмын,- деді Ақсу ферроқорытпа зауытының цех басшысы Талғат Амиров. – Біздің мыңдаған адамнан тұратын ұжымымыздың еңбегі ескеріліп, жоғары бағаланғанына мақтаныш кернейді екен. Ферроқорытпа саласының, өнеркәсіп пен жалпы ел экономикасының дамып, өркендеуіне тер төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарының күн сайынғы еңбегі еленгені қуаныш. Баршаңызға тек жақсылық, береке тілеймін!

ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң ТКБК жөндеу-құрылыс цехының басшысы Нұрланбек Ермахановтың төсіне тағылды:

– Алдымен баршаңызды осы ұлттық мерекемен құттықтаймын,- деді ол. Мен үшін бүгін марапат алу – зор құрмет. Мұны жеке менің ғана емес, бүкіл ұжымымыздың ортақ еңбегі, маңдай теріміздің ақталуы деп қабылдадым. Сахнаға көтерілген сәтте осы Дөң ТКБК-да өткен барлық 30 жылғы еңбек жолым көз алдыма келгендей болды. Маған тәлім берген, сенім артқан барлық әріптестерімді есіме алдым.

Тура осындай ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені «ССКӨБ» АҚ өнеркәсіп кешені шекемтас өндіру мен күйдіру учаскесінің маманы Әуез Молдабековке табыс етілді.

– Кез келген мемлекет елдің терегі – қарапайым жұмысшыларға арқа сүйейді. Сондықтан, жұмысшы мамандықтардың беделі жылдан жылға артуы ерекше маңызды,- дейді Әуез Төлеуұлы. – Менің еңбек өтілім – 25 жыл. Мамандығымды мақтан тұтамын! Өмірлік кәсібіне әрдайым адалмын.

Мемлекеттік награда – ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы – «Керегетас» әктас кеншінің учаске басшысы Бағыжан Құдайбергеновке де табыс етілді. Техникалық тұрғыда ерекше сауатты әрі алдынан өткен әр маманға білікті тәлімгер бола білген ол, 30 жылда «Қазақстан алюминийі» АҚ-ында бірқатар ауқымды бастамалар көтеріп, жаңғырту және қайта қалпына жұмыстарын табысты атқарған. Бағыжан Аққуанұлының еселі еңбегінің арқасында өзге ұйымдарға жөнелтілетін тауарлы әктас көлемі де ұлғайды.

Майқайың кентінің тұрғынына марапатты Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов табыстады.

– Еңбегімді елеп, ескергендері үшін кеніш пен «Қазақстан алюминийі» АҚ басшылығына ерекше алғыс айтамын. Қалай десек те, бұл нәтиже баршамыздың – бүкіл ұжымның жұмыла атқарған жұмысының арқасы ғой,- деді ұсатып-сұрыптау учаскесінің басшысы.

Бағыжан Аққуанұлы кеніш ұжымына сонау 1984 жылдан бері жетекшілік етіп келеді.

– Өзім Өзбекстанда тудым. Алматыда политехникалық университеттің металлургия факультетінде білім алдым. Майқайыңғы жолдамаған келген кезде, мұнда ұзаққа жыл еңбек етемін деп ойламаппын,- дейді ол. Бұған дейін де ол еселі еңбегінің арқасында І және ІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгілерімен марапатталған. – 1988 жылы осында отау құрып, шаңырақ көтердім. Пәтер алып, балалы болдым. Былайша айтқанда, тамыр жайдым.  Бүгінде көз қуанышым болып жүрген 3 немерем бар.

ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені «Қазақстан алюминийі» АҚ электр станциясының сорғы жабдықтарының машинисті  Шарапат Саримоваға да табысталды. 37 жылдық еңбек жолында ол жұмысты жақсартып, жетілдіруге қатысты көптеген тың идеялар ұсынған.  Шарапат Ержанқызы ісімен өнеге бола жүріп, жас мамандардың талай легіне тиянақты тәлімгер болды. Оның талабы: міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, жұмысты барынша мінсіз атқару. Қажет болған жағдайда, шұғыл шешім қабылдау.

«Еңбек даңқы» орденінің үш дәрежесін алған толық кавалері «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған адаммен теңестіріледі.

Бұдан бөлек, «ССКӨБ» АҚ өндіріс жөніндегі директоры Сергей Кузьменко мен «Шұбаркөл көмір» АҚ жол мен жол техникасын жөндеу учаскесінің мастері Қаппас Қожановтар «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Олар саналы ғұмырының сәйкесінше 37 және 30 жылын сүйікті кәсіпорнын дамыту жолына сарп еткен. Олардың еңбектегі қажыр-қайраты мен ұйымдастырушылық қабілеті айрықша. Мәселен Қаппас Шалғымбайұлы вахталық автобусқа гараж, шаруашылық әдісімен еңбек ететін адамдарға жаңа монша салу ісін ұйымдастырған.

– Президенттен «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін алу – ерекше құрмет. Бұл компаниядағы ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбектің жемісі,- дейді Қаппас Қожанов. – Мен Қазақстан Республикасының дамуына өз үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын.