Еуропалық Одақ Алматыда Халықаралық Фактчекинг күнін атап өтті

Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігі Narxoz University-мен серіктестікте Халықаралық Фактчекинг күнін атап өтіп, «Fact-Checking Day 2026» атты сараптамалық дөңгелек үстел мен білім беру іс-шарасын ұйымдастырды. Іс-шараға академиялық орта, медиа индустрия, цифрлық трансформация зерттеушілері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар мен студенттер қатысты.
Fact-Checking Day 2026 «Жасанды интеллект және ақпаратты манипуляциялау дамуы жағдайында ақпарат тұтастығын қорғау» тақырыбында өтіп, қазіргі ақпараттық кеңістіктегі өзекті сын-қатерлерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Талқылау барысында жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында жалған ақпараттың таралуымен күресу жолдарына, университеттердің сыни ойлауды қалыптастыруды күшейтетін институттар рөліне, сондай-ақ медиасауаттылықты білім беру бағдарламаларына жүйелі түрде енгізу қажеттілігі мәселелері қарастырылды.
Сараптамалық дөңгелек үстел барысында қатысушылар цифрлық трансформация дәуірінде қоғамның тұрақтылығы азаматтардың ақпаратты талдай алу, фактіні манипуляциядан ажырата білу және саналы шешім қабылдау қабілетіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Мемлекет, академиялық орта және медиа арасындағы өзара іс-қимыл сенімді ақпараттық орта қалыптастырудың негізгі шарты ретінде ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ, Fact-Checking Day 2026 аясында талқыланған тақырыптар 2026 жылғы желтоқсан айында Қазақстанда өтетін Еуропалық Одақтың үшінші Медиафорумында кәсіби диалогтың жалғасына негіз болатыны айтылды.
Қазақстандағы Еуропалық Одақ Елшісі Алешка Симкич өз сөзінде дезинформацияға қарсы күрестегі бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті: «Цифрлық трансформация мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында ақпараттың тұтастығын қорғау қоғам тұрақтылығының негізгі элементіне айналды. Еуропалық Одақ медиасауаттылық пен сыни ойлауды дамытуға бағытталған бастамаларды, әсіресе жастар арасында, тұрақты түрде қолдайды. Білім беру мен ашық диалог дезинформацияға қарсы тұрудың және ақпаратқа деген сенімді нығайтудың негізін қалайды».
Narxoz University Президенті Канат Кожахмет университеттердің осы бағыттағы стратегиялық рөлін атап өтті: «Narxoz университеті үшін бұл күн тәртібі ерекше маңызға ие. БҰҰ-ның Academic Impact бағдарламасының ТДМ 16 «Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар» бағыты бойынша Жаһандық хабының вице-төрағасы ретінде біз ашықтық, есеп берушілік және сенім құндылықтарын ілгерілетеміз. Біз ғылымды, мемлекетті және азаматтық қоғамды біріктіретін ашық академиялық платформаны қалыптастырамыз. Біздің басты басымдығымыз – ақпаратты сыни тұрғыдан талдай алатын, деректерді тексере білетін және цифрлық ортадағы манипуляцияларға қарсы тұра алатын болашақ мамандарды даярлау».
Бағдарламаның практикалық бөлігі студенттердің қолданбалы дағдыларын дамытуға бағытталды. Factcheck.kz негізін қалаушысы Әділ Джалилов өткізген воркшоп барысында қатысушылар ақпаратты тексерудің негізгі әдістерін меңгеріп, дереккөздермен жұмыс істеуді, визуалды контентті талдауды және әлеуметтік желілердегі манипуляцияларды анықтауды үйренді. Сонымен қатар олар алған білімдерін практикалық кейстерде қолданды. Воркшоп қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды.



